Кеше Павлодар облысында ауа райы күрт бұзылып, қатты жел мен боран тұрғындарды әбігерге салды. Қысқа уақыттың ішінде көріну деңгейі төмендеп, жолдарда қозғалыс қиындады. Осындай күрделі жағдайда құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеді. Өкінішке қарай, боран салдарынан Баянауыл ауданында бір адам қаза тапты. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

10 наурыз күні республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 28 бақылау бекеті қойылды. Онда полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кезекшілік етті. Төтенше жағдайлар департаментінен 16 қызметкер мен 12 арнайы техника, соның ішінде жол талғамайтын көліктер жұмылдырылды.

Думан Қыдырмоллаев, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары

Өткен тәулік бойынша Павлодар облысының аумағында 1 табиғи төтенше жағдай тіркелді. Нәтижесінде әр ауданда төтенше жағдайлар комиссиясы құрылып, өткен тәуліктің нәтижесін шығаруда. Бізде Екібастұз аумағында, Ақсу аумағында, Баянауыл ауданында және Атамекен кентінде іздестіру жұмыстары жүргізілді. Біздің облыста 188 жылыту пункті бар. Бір тәуліктің ішінде Баянауыл ауданы Майқайың кентіне азаматтар орналастырылды. Ақсу қаласына және Шідертідегі жылыту пунктіне орналастырылды.

Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында бір тәулікте 107 адам құтқарылды. Олардың алтауы – балалар. Сонымен қатар 62 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Өкінішке қарай, Баянауыл ауданында қайғылы жағдай тіркелді. 11 наурыз күні таңертең Майкөбе ауылы маңында іздестіру жұмыстары барысында құтқарушылар фермерлік қожалықтың 1980 жылы туған жұмысшысының денесін тапты. Ол 10 наурыз күні түстен кейін мал іздеуге атпен шығып кеткен.

Думан Қыдырмоллаев, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары

Тәулік бойынша құтқару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде барлық адамдар құтқарылды. Тек, Баянауыл ауданы Майқайың кентіне қарасты 15 шақырым жерде орналасқан қыстақта 60 мал шаруашылығының малшысы жоғалып кетіп, бүгін таңғы 8де мәйіті табылды. Түнгі уақытта ток жүйелері көптеген ауылдарда өшті. Бүгінгі күні қалпына келтіріліп жатыр. 10 нан астам ауылды мекендерде ток жоқ, толық қалпына келтіріледі.

Аймақта желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетіп, салдарынан 33 жерде ғимараттардың шатырлары ұшқан. Бірқатар елді мекендерде электр энергиясының үзілуі тіркелді. Келтірілген шығын көлемін анықтау және қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін арнайы комиссиялар жұмыс істеп жатыр.

Сабина Жолдаспаева