Екібастұз қаласында жастарға арналған интерактивті форматта форум өтті. Шара Республикалық референдум қарсаңында жас буынның азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталды.
Жастар – мемлекет дамуының негізі, ел болашағы. Сол себепті өскелең ұрпақтың азаматтық белсенділігі мен жауапкершілікті сезінуі ерекше маңызды. Осы орайда Екібастұз қаласында жастар форумы ұйымдастырылды. Қатысушылар LED-экраннан қоғамдағы тұрақтылық маңызы жайындағы жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнероликтерді тамашалады. Сонымен бірге жаңа Конституция жобасы мен алдағы өзгерістер жайында пікір алмасып, сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Шараға түрлі саланың жас мамандары, сондай-ақ референдумды қолдау жөніндегі Екібастұз қалалық коалициясының өкілдері қатысты. Спикерлер референдумның ел дамуы үшін маңызды қадам екенін атап өтіп, әр дауыстың мәні бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, әр азаматтың өз таңдауын жасауы қажет екені айтылды. Форум соңында қатысушылар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Жұлдыз Қабылденова