Өңірде интернет арқылы жасалатын қылмыстар саны азаймай тұр. Екі айдың қорытындысы бойынша 199 қылмыс тіркелген. Оның 59-ы – алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, банк қауіпсіздік қызметі немесе «Egov» жүйесінің маманы ретінде таныстырған.

Алаяқтар тұрғындарға телефон шалып, олардың атына белгісіз біреулер несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтады. Қорқытып, «ақшаңызды сақтап қалу үшін» өз атыңызға несие алып, оны арнайы «қауіпсіз шотқа» аудару керек деп сендіреді. Нәтижесінде азаматтар алаяқтардың сөзіне сеніп, өз ақшасынан айырылып жатады. Мамандар мұндай жағдайда бірден телефон тұтқасын қойып, ақпаратты тексеруге кеңес береді. Интернет-алаяқтықтың тағы бір кең тараған түрі – онлайн сауда. Екі айда тиімді бағаға тауар сатып алмақ болған немесе интернет арқылы зат сатпақ болған 55 адам алаяқтардың құрбанына айналған. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілерде немесе сайттарда тым арзан бағада ұсынылған тауарларға бірден сенуге болмайды. Ең алдымен дүкеннің шынайы жұмыс істейтініне көз жеткізу қажет. Киберполиция қызметкерлері азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Күмәнді қоңыраулар мен ұсыныстарға сенбей, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу керек.

Сабина Жолдаспаева