Павлодар облысында жатыр мойны обырымен 1244 әйел есепте тұр. Дәрігерлер бұл дерттің негізгі себептерінің бірі – адам папиллома вирусы екенін айтады. Бұл вирус қалай пайда болады? Емделу жолы қандай? Толығырақ келесі сюжетте.

Адам папиллома вирусы – шырышты қабаттар мен теріні зақымдайтын туыстас вирустар тобы. Ол көбіне қатерсіз ісіктердің пайда болуына әкеледі. Алайда оның кейбір түрлері онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының дамуына себеп болуы мүмкін.

Гүлім Сыздыкова, Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің онколог- гинеколог дәрігері

Адам папиллома вирусы – әлемдегі ең кең таралған вирустардың бірі. Адамдар өмірінде кем дегенде бір рет осы вирусты жұқтырады. Қазіргі уақытта оның 200-ден астам түрі белгілі, нақтырақ айтқанда 254 түрі анықталған. Соның ішінде 14-і жоғары онкогендік қауіпке жатады. Ал олардың екеуі ең қауіпті болып саналады.

Мамандардың айтуынша, вирус төрт түрлі жолмен жұғады: жыныстық қатынас арқылы, тері арқылы байланыс кезінде, анадан балаға тікелей берілуі мүмкін, сондай-ақ тұрмыстық жолмен жұқтыру ықтималдығы бар. Ауру көп жағдайда ешқандай белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан,оны анықтау үшін пап-тест тапсыру қажет.

Гүлім Сыздыкова, Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің онколог- гинеколог дәрігері

Пап-тест – адам папиллома вирусын және оның түрін анықтауға арналған зерттеу. Вакцинация барлық вирус түрлерінен толық қорғамайды. Сондықтан әйелдерге тұрақты түрде скринингтен өту маңызды.

Дәрігерлердің мәліметінше, жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар құрылымында алтыншы орында тұр. Мамандар дерттің алдын алудың ең тиімді жолы – уақтылы тексерілу екенін айтады. Тұрақты скринингтен өту, вакцина алу және дәрігер кеңесіне құлақ асу ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ал ерте кезеңде анықталған жатыр мойны обыры толық емделуі мүмкін.

Дильназ Қуанышбекқызы