Павлодарлық ұстаз республикалық чемпионатта топ жарып, үш бірдей алтын медаль жеңіп алды. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Нұрия Ахметова Айтпаевна педагогика мен спортты қатар алып жүрген жан. Күнделікті мектепте оқушыларға білім берсе, бос уақытында жеңіл атлетикамен тұрақты түрде шұғылданады. Ұстаздың бұл жетістігі әріптестері мен оқушылары үшін үлкен мақтаныш.
Нұрия Ахметова Павлодар қаласындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектепте сабақ береді. Ұстаз болғанына төрт жыл болса да, оқушылардың сүйікті мұғалімдерінің біріне айналған. Сабақ барысында балаларға тек білім беріп қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын да түсіндіреді. Өз үлгісі арқылы оқушыларын спортқа баулиды.
Нұрия Ахметова, Павлодар қаласы С.Торайғыров атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Мен негізі университетті бітіргеннен кейін, бірінші мамандығым осы қазақ тілі мен әдебиет мамандығы болғанымен, басқа салада жұмыс істедім. Мемлекеттік қызметте бірнеше жыл жұмыс істедім. Содан кейін, бірінші алған мамандығым, яғни балалармен жұмыс істеу маған ұнайтын. Балаларға білім бергім келгендіктен, ұстаздық жолымды басынан бастағым келді. Сондықтан осы мектепке келдім.
Спортқа деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Дегенмен ол болашақ мамандық ретінде педагогиканы таңдаған. Балаларға білім беріп, тәрбиелеу – оның өмірлік мақсатына айналды. Соған қарамастан, спорттан да қол үзген жоқ.
Нұрия Ахметова, Павлодар қаласы С.Торайғыров атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Мектептте жүргенде әртүрлі жарыстарға қатысып, сол кезден бастап қызығушылығым оянған. Негізі, әкем мені жүгіруге, коньки тебуге, үстел тиннисін ойнауға баулыды, үйретті. Кейін, өсе келе жақсы көрген ісімді жалғастырдым. Студенттік кезімде де айналыстым. Қызметке кіргенде де жеңіл атлетикамен айналысып, тастамадым. Әрдайым өзіммен қатар алып жүрдім. Өзіміздің тренер ол олимпиаданың ойыншысы, ҚР спорт шебері Константин Сафроновқа барамыз. Өзіміздің командамыз бар. Жеңіл атлектикамен шұғылданымыз, әртүрлі жас санаттағы адамдармен. Жақсы нәтижелерге, жетістіктерге жетіп жүрміз.
Нұрия Айтпаевнаны әріптестері мен мектеп басшылығы ерекше мақтан тұтады. Олар ұстаздың еңбекқорлығын, белсенділігін және жан-жақтылығын жоғары бағалайды. Мектеп қабырғасында түрлі шараларға белсенді қатысып, оқушылармен тығыз жұмыс істейді.
Болат Айгожин, Павлодар қаласы С.Торайғыров атындағы ЖОББ мектебінің басшысы
Нұрия Айтпаевна соңғы екі жыл ішінде өз қабілеті мен жетістіктерін айқын көрсетіп келеді. Ол қалалық және облыстық деңгейдегі спорттық жарыстарға белсенді қатысады. Қысқы және жазғы спорт түрлерінен де бақ сынап жүр. Нұрия Айтпаевна жұмысты да, спортты да қатар алып жүре алатын мақсатшыл маман. Бүгінде оның жетістіктері көп. Мектептегі жұмысында да өте белсенді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп қана қоймай, 5 «В» сыныбының жетекшісі болып жұмыс істейді. Біз осындай жан-жақты, еңбекқор ұстаздың біздің ұжымда жұмыс істейтініне мақтанамыз. Ол оқушыларға білім беріп қана қоймай, өзінің үлгісі арқылы балаларға жақсы тәрбие көрсетіп жүр.
Жақында Қарағанды қаласында жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Бұл жарысқа елдің әр өңірінен тәжірибелі спортшылар қатысты. Нұрия Ахметова осы чемпионатқа Masters санатында қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Бірнеше жарыс түрінде топ жарып, жалпы есепте үш алтын медаль иеленді.
Нұрия Ахметова, Павлодар қаласы С.Торайғыров атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
ҚР ардагерлер арасындағы мастерс санатындағы чемпионат өтті. Соған біз 21-22 ақпанда барып, қатысып келдік. Мен ұзындыққа секіруден өзімнің жас санатым бойынша алдын иелендім. Содан кейін, эстафеталық 200-400 м қашықтықта жүгіріп, командамен 2 алтын, 1 күміс жүлде алдым. Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысқанда, әр адам ләзат алады ғой, сол секілді мен де өзімнің хоббиіммен айналысуыма бос уақытымды бөлемін. Жұмасына біз үш рет барып жаттығамыз, өзіміздің залымызда. Осындай облыстық, қалалық өтетін жарыстарға жұма сайын қатысып тұрамыз.
Ұстаздың айтуынша, уақытты дұрыс жоспарласа, жұмыспен қатар спортпен айналысуға әбден болады. Оның екі қызы да спортқа жақын. Анасына қарап, олар да белсенді өмір салтын ұстануға тырысады. Павлодарлық ұстаз алдағы уақытта да спорттық жетістіктерін жалғастырып, жаңа белестерді бағындыруды мақсат етеді.
Сабина Жолдаспаева