Достық үйінде 6679 әскери бөлімінің мерзімді қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті. Шара барысында Отан алдындағы борышын мінсіз атқарған жастарға мадақтама қағаздары табысталды. Сондай-ақ, сертификат алған сарбаздарға арнайы марапаттар берілді.
Шарада сарбаздардың еңбегі еленіп, олардың әскери бөлімге қосқан үлесі ерекше аталды. Бір жылдық қызмет ішінде олар тәртіп пен төзімділік мектебінен өтіп, жауапкершілік пен ерлікке тәрбиеленді. Ардагерлер мен әскери құрылым өкілдері жас сарбаздарға ақ тілектерін айтты.
Назбек Маликов, 6679 әскери бөлімі командирінің орынбасары
140тан астам сарбаз біздің Ұлттық Ұланның бас қолбасшысы, Шығыс өңірлік қолбасшысының қолбасшысы және бөлім командирінің атынан, қала әкімі, аманат партиясы төрағасының атынан және қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің Павлодар облысы бойынша бастығының грамоталарымен мадақталады. Бүгінгі шараға біздің әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы қатысып отыр. Ауған соғысы, Тәжік ауған соғысы ардагерлері қатысып отыр. Аналар кеңесінің төрағасы және оның мүшелері қатысып отыр. Одан бөлек, өзіміз қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін күзеткеннен кейін өзімізбен бірге қарым-қатынаста жүрген структуралар қатысып отыр.
Бір жыл бойы әскери борышын өтеген 10-нан астам сарбаз «Срочник 2.0» бағдарламасының сертификаттарына ие болды. Бұл жоба жастарға болашақ мамандығын таңдауға, жоғары оқу орындарына грантпен оқуға мүмкіндік береді. Гүлнар Иманбаева, ата-ана
Өте керемет, жақсы көңіл-күйдемін. Балам грант ұтып алды АВОКУ академиясына. Өте қуаныштымыз. Алла қаласа, әскерден келген соң 4 жыл сол жерде білім алады. Өзі ниеттеніп бірінші баламыз әскерге барам деді. Біз қолдап жібердік. Еш қорықпадық. Жақсы қабылдадық. Балам өзі де айтты «Мама, уайымдамаңыз өзім жігітше өз борышымды өтеп, келемін» деп солай уайымдамай жібердік.
Қатардағы сарбаздар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету, сотталғандар мен тергеудегілерді айдауылмен алып жүру сияқты жауапты міндеттерді орындады. Олар тәулік бойғы қарауыл қызметін атқарып, тәртіптің сақталуына үлес қосты. Әскери өмір – шыдамдылық пен батылдықты талап етеді. Жас жауынгерлер бұл сынақты абыроймен еңсеріп, нағыз ер азамат ретінде қалыптасты.
Әлихан Медеуұлы, 6679 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі
Мен Павлодар қаласындағы 6679 әскери бөлімінде өзімнің Отан алдындағы борышымды өтедім. Осы өтіп кеткен 1 жыл маған өте қызықты болды. Әскердің ар жақ, бер жағын, жан-жақты болып әскери, қызықты өмірді сүрдік. Ер жігітке керекті қылықтарды, ісерді игердік. Командирлердің ақылдарын, әкеміз берген ақылды командирлерінің аузынан ести алдық.
Сарбаздарға құрмет көрсетіліп, олардың ел тыныштығын сақтаудағы еңбегі лайықты бағаланды.
Сабина Жолдаспаева