Павлодар қаласында «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа №47 мектеп пайдалануға берілді. Катаев-Гагарин көшелері маңында салынған ғимараттың ашылу салтанаттына өңір басшысы Асайын Байханов қатысты. Әкім заманауи оқу кабинеттерімен, зертханалармен, спорт залымен танысты. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Қаламыздағы №47 мектеп таза қазақ тілінде білім береді. Мұнда қазір 800 бала барады. Ал жобалық қуаты 1200 оқушыға дейін. Жаңа білім ордасы қауіпсіздік талаптарына сай салынған. Оқу үдерісін цифрландыруға ерекше мән берілген. Мектеп ғимараты оқушылардың білім алуына ғана емес, шығармашылықпен айналысуына, спортпен шұғылдануына қолайлы етіп жабдықталған.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Бұл жобаларды оқушылардың орнының тапшылығын шешу бойынша жасалған жобалар. Осы Павлодар қаласында жалпы ақырғы екі жылда екі мектеп құрылысы жүргізіліп, 4 мектепке қосымша ғимараттар салынды. Ол ғимараттар оқушылардың орындарының тапшылығын шешуге мақсатталған. Ендегі кезекте Усолка шағын ауданында 1200 орындық үлкен жаңа мектептің құрылысын бастайтын боламыз. Келесі жылы толықтай іске қосылады.
Білім ордасында 74 педагог еңбек етеді. Олардың барлығы жоғары білімді, біліктілік санаттарына ие мамандар. Оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру үшін бастауыш, орта және жоғары буынға арналған кабинеттермен қатар, арнайы және мамандандырылған сыныптар жұмыс істейді. Сонымен қатар, көркем еңбек кабинеттері де қарастырылған.
Ләйлә Жүсүпова, Павлодар қаласының №47 жобб мектебінің директоры
Мектеп негізі екі ауысымнан оқиды. Бірақ 1-4 сынып аралығындағы оқушылар үшін ғана. Ал, 5-11 сынып оқушылары үшін өте үлкен мүмкіндік. Бір ғана ауысымда білім алады. Бұл қосымша білім беруге үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Түстен кейінгі спорттық шаралар болсын, пәндерге арналған факультативтік курс үйірмелері болсын, пәнді күшейту есебінде де оған өте қолайлы жағдай бар. Мектебіміздің материалдық базасы өте керемет, жақсы жабдықталған. Мектебіміз пән мұғалімдерімен толық қамтылды.
Сабақ барысында интерактивті панельдер кеңінен қолданылады. Бұл оқушылардың білімді терең меңгеруіне және цифрлық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Аймақ басшысы білім ордасының ішкі инфрақұрылымымен танысып, спорт залдарын, зертханалар мен оқу кабинеттерін аралады. Балалар өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Оқушылардың бірі болашақ мамандықты дұрыс таңдауға қатысты кеңес сұрады.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Өз жұмысын жақсы көретін адам ол әрқашан өзінің ішкі дүниесімен, қоршаған ортамен теңестіріп жақсы маман болып шығады. Ең бастысы өзіңіздің мамандығыңызды жақсы көру кеерексіздер. Әрбір адамның өзінің қабілетіне байланысты. Кейбір адамдар суретші болғысы келеді, кейбірі әнші, журналист, ақын болғысы келеді. Әрбір саланы алатын болсақ ол жерде әлеуеті зор салалар көп.
№47 мектепке Қамал Мақпалеев атындағы және Әлихан Бөкейхан атындағы білім ордасынан шәкірттер ауысты. Сонымен қатар өзге мектептерден де оқушылар қабылданған. Қазір оқу-тәрбие үдерісі толық көлемде жолға қойылған.
Рахат Сейітахметов, 10-сынып оқушысы
Мен осы мектепте оқығаныма қуаныштымын. Өйткені жаңа мектеп. Жаңа технология. Зайырлы мектеп. Келесі жылы республикалық мектеп болады. Басқа мұғалімдермен, оқушылармен танысуға мүмкіндік бар. Осы жерде жақсы білім алғым келеді.
Айханым Окасова, 10-сынып оқушысы
Мен өзім Әлихан Бөкейхан атындағы мектептен келдім. Өте көп өзгерістер бар. Өте көп стенд тақталар бар. Технология жағынан да өзгеріс көп. Осы мектеп ұнады. Үйіме де жақын. Осы мектепте болашақ зор болады деп ойлаймын.
Мектептің құрылысына Ұлттық қордан 3 миллиард 800 миллион теңге жұмсалған. Бұл мемлекет тарапынан білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Жаңа білім ошағы балалардың қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи ортада білім алуына толық мүмкіндік береді.
Сабина Жолдаспаева