Қазақ қызы мен португал азаматының махаббаты
Люксембург қаласында танысып, шаңырақ көтергенде қазақтың салт-дәстүрін ұстанды. Әлия мен Гонсалу – қазақ және португал мәдениетін тоғыстырған жастар. Шетелдік күйеу қазақтың туыстарына қалай жақын болып кетті? Толығырақ тілші сюжетінде.
Олардың таныстығы кәдімгі іссапар кезінде басталған. Ол кезде Әлия Польшада тұрып, швейцариялық банкте жұмыс істеген. Люксембургке барған сапарында Гонсалумен танысып, көп ұзамай одан кездесуге ұсыныс алған.
Алия және Гонсалу Симоиш, жас жұбайлар
Гонсалу алғаш болып қадам жасады. Менің ойымша, біз бір-бірімізге бірден ұнадық. Ол кезде мен Люксембургте бірнеше күн ғана болдым, ал Гонсалу сол елде тұратын. Мен оған мұнда аз уақытқа ғана келгенімді айттым. Ол осы мүмкіндікті пайдаланып, мені кездесуге шақырды. Алғашында жүзбе-жүз сөйлестік, кейін әлеуметтік желілер арқылы араласып жүрдік.
Уақыт өте келе олардың қарым-қатынасы шынайы сезімге ұласты. Екеуінің отбасы туралы түсінігі де ұқсас болып шықты.
Әлия және Гонсалу Симоиш, жас жұбайлар
Әрине, 26 жаста адам белгілі бір өмірлік тәжірибе жинайды. Әсіресе екі елде өмір сүрсең, көп нәрсені түсінесің. Алайда мені Әлияның бойындағы отбасыға деген ерекше құрметі қатты қызықтырды. Менің ойымша, бұл Еуропада жетіспейтін құндылықтардың бірі. Әлиямен алғаш танысқаннан-ақ оның керемет жан екенін түсіндім. Ол үнемі отбасы мен бірлік туралы айтатын. Бірде: «Егер біздің қарым-қатынасымыз шын мәнінде маңызды болса, алдымен менің ата-анаммен танысуың керек», – деді. Сол сәтте мен Әлиямен шынайы отбасы құруға болатынын түсіндім.
Алғашында Әлияның ата-анасы да алаңдаған. Өйткені қыздарының болашақ жары шетелдік еді. Алайда Гонсалумен алғаш кездескеннен кейін күмәннің бәрі сейілді. Ата-анасы оның тәрбиелі, білімді әрі Әлияға шын көңілмен қарайтынын көрді. Ең бастысы – қыздарының оның жанында бақытты екенін байқады.
Талғат және Наргүл Әбікеновтер, Әлияның ата-анасы
Өткен жылы алғаш рет таныстық. Ол Қазақстанға келіп, менімен және туыстарымызбен кездесті. Осы кездесуден кейін барлық күмән сейілді. Бір көргеннен-ақ ұнады. Қазір оны күйеу баламыз емес, өзіміздің баламыздай көреміз. Тіпті үлкен ұлымыз деп атаймыз.
Туыстарымен танысқаннан кейін жас жұбайлар үшін тағы бір маңызды қадам жасалды. Бұл – неке қию рәсімі. Әлия мен Гонсалу үшін бұл жай ғана үйлену тойының бір бөлігі емес, отбасылық өмірді қазақ дәстүрімен бастаудың жолы болды.
Әлия және Гонсалу Симоиш, жас жұбайлар
Өткен жылдың қараша айында неке қидық. Ислам дінін қабылдау туралы ұсыныс Гонсалудың өзінен келді. Қазір оның мұсылмандық аты – Рахим. Біздің отбасымыз оның Ислам дінін қабылдауын ешқашан талап еткен емес. Бұл шешім өзінен-өзі қабылданды. Сондықтан неке қию мен Ислам дінін қабылдау рәсімін бір уақытта өткізуді жөн көрдік. Өйткені Қазақстанға екеуіміз де қысқа уақытқа ғана келеміз. Екеуіміз де жұмыс істейміз, елге келу үшін арнайы демалыс алуымыз керек. Сол себепті екі рәсімді бір уақытта өткіздік.
Одан кейін той қамына кірісті. Алғашында шағын ғана, елу адамға арналған мереке жоспарланған. Алайда туыстардың саны көп болғандықтан, қонақтар тізімі біртіндеп жүз жиырма адамға жетті.
Талғат және Наргүл Әбікеновтер, Әлияның ата-анасы
Балаларымыз үйлену тойын өткізетіндерін айтқанда, барлық туыстарымыз жиналды. Ең алдымен қандай дәстүрлерді сақтайтынымызды талқыладық. Кейбір салттарды шетелдік қонақтар түсіне бермейтіндіктен, оларды өткізуден бас тарттық. Ал шашу мен төс қағыстыру сияқты дәстүрлерді міндетті түрде қалдырдық.
Қазақтың қонақжайлығымен алғаш танысқан португалиялық туыстар үшін бұл ерекше әсерлі болды. Той барысында екі отбасы да өзара жақындасып, ұлттық дәстүрлерге ерекше мән берілді.
Әлия және Гонсалу Симоиш, жас жұбайлар
Португалиялықтардың арасында ерекше қалыптасқан дәстүрлер көп емес. Біз мұндай мәселелерге ашық қараймыз. Бірақ менің туыстарым Қазақстанда өздерін ерекше жылы қабылдағанына қатты таңғалды. Олар: «Бұл – өміріміздегі ең керемет той болды. Бізді еш жерде дәл осындай ықыласпен қарсы алған емес. Үлкен рақмет! Енді алдағы уақытта баратын ешбір той немесе мереке бізге мұндай әсер бере алмайды», – деді.
Бір кездері бұл отбасы үшін Гонсалу шетелдік күйеу бала еді. Бүгінде ол – баршаға жақын, өз адамындай болған жан. Бұл махаббат хикаясы әр түрлі мәдениеттің отбасы бірлігіне кедергі емес екенін көрсетеді. Өйткені отбасыдағы ең басты құндылықтар ортақ болса, айырмашылықтар да адамдарды алыстата алмайды.
Сабина Жолдаспаева