Шығарындылар бақылауда
Павлодарлық экологтар, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам белсенділері Ақсу қаласындағы электр станциясында ластаушы заттар шығарындыларын онлайн бақылау жүйесінің қалай жұмыс істеп тұрғанын тексерді. Толығырақ келесі сюжетте.
Өңірдегі ондаған ірі кәсіпорында шығарындыларды бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Ақсу электр станциясында бұл технология екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жүйе шығарындылар көлемін нақты уақыт режимінде бақылауға, көрсеткіштердегі өзгерістерді тіркеуге және белгіленген нормативтерден асып кету жағдайларын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Алынған мәліметтер автоматты түрде ақпараттық жүйеге жіберіледі. Бұл кәсіпорынның экологиялық көрсеткіштерін тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Алла Амельченко, «ЕЭК» АҚ бас экологы
Автоматтандырылған мониторинг жүйесі шығарындылардың үш көзіне, яғни үш құбырымызға орнатылған. Жүйе көміртек тотығы, шаң, көміртек, азот және күкірт оксидтерінің көрсеткіштерін бақылайды. Сонымен қатар газдың шығыны мен температурасын да көрсетеді. Көрсеткіштерді операторлар нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Белгіленген шектен асып кеткен жағдайда ауысым басшылары технологиялық процесті түзетеді. Сондай-ақ бұл мәліметтер ұлттық деректер базасына жіберіледі.
Тексеру қорытындысы бойынша мамандар жүйенің жұмысынан ешқандай заңбұзушылық анықтаған жоқ. Жабдық штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жалпы, облыста 14 кәсіпорын эмиссияларды автоматтандырылған бақылау жүйесімен жабдықталуы тиіс. Бүгінде олардың басым бөлігі қажетті технологияны енгізіп үлгерген. Алайда екі кәсіпорын әзірге тиісті жабдықты орнатпаған.
Самал Қалиқызы