Қала мектептерінің бірінде түлектермен кездесу өтті. Шара барысында оқушылар әскери институттарда білім алу мүмкіндіктерімен танысып, сондай-ақ құқық қорғау органдарындағы қызмет туралы ақпарат алды. Толығырақ келесі сюжетте.

№36 мектептің мәжіліс залында армия мен ішкі істер органдарында мансап құруға қызығушылық танытқан болашақ түлектер жиналды. Әскери институттың курсанты оқу үдерісінің ерекшеліктері, тәртіп талаптары және кәсіби өсудің мүмкіндіктері туралы айтып берді. Оқушылар дайындық бағдарламасы, тұрмыс жағдайы, әлеуметтік қолдау, сондай-ақ шәкіртақы жайында мағлұмат алды.

Абай Абдурахманов, құрлық әскерлері әскери институтының курсанты

«Мен Павлодар қаласына, туған жеріме 15 күндік кезекті демалысқа келдім. Оқу маған ұнайды, қамтамасыз ету деңгейі жоғары, бәрі көңілімнен шығады. Ай сайын 15 000 теңге шәкіртақы аламыз, ол жеке қажеттіліктерге, гигиеналық заттарға жеткілікті».

Кездесу барысында курсанттардан бөлек, ішкі істер департаментінің қызметкерлері де түлектермен жүздесті. Олар қызметтегі тәжірибелерімен бөлісіп, өз міндеттері туралы айтып, жауапкершілік, тәртіп және әртүрлі сын-қатерлерге дайын болудың маңыздылығын атап өтті. Оқушылар құқық қорғау органдарындағы қызметтің қалай ұйымдастырылатынын және бұл мамандықтың артықшылықтарын білді.

Нұрлан Бәйекенов, ҚР қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты №46 мекеме бастығының орынбасары

«Бүгін мектеп түлектерімен үгіт-насихат жұмысын жүргіздік. Қостанай қаласындағы Қабылбаев атындағы академияға түсу тәртібі, қабылдау шарттары және курсанттарға берілетін жеңілдіктер туралы толық ақпарат айттық. 11-сынып оқушыларын қызықтырған ҰБТ балдары, әскери-дәрігерлік комиссиядан өту және дене дайындығы нормативтерін тапсыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 10–11 сынып оқушыларының бірқатары аталған жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отыр. Біз Қостанай академиясына түсуді қалаған жастарды қолдап, оларды оқуға шақырамыз. Қазіргі таңда Қостанай академиясында киберқылмысқа қарсы бағыттағы жаңа кафедра ашылды. Бұл жаңа сала болғандықтан, гаджеттерді жақсы меңгерген жастар осы кафедраға түсіп жатыр. Яғни, киберқылмыс бағытына сұраныс жоғары».

 Мұндай кездесулер түлектерге мамандықтарға қойылатын талаптарды түсінуге, даму мүмкіндіктерін көруге және болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектеседі. Қостанайдағы жоғары оқу орнына түсу жөніндегі қосымша ақпаратты 8776 472 79 07 нөмірі арқылы білуге болады.

Дильназ Қуанышбекқызы