«Жасөспірімдермен жұмыс істеу үнемі мұқият болуды және шешім қабылдауда дәлдікті талап етеді», – дейді полиция майоры Ерлан Қалқамбеков. Ол ішкі істер органдарында 18 жыл қызмет етіп келеді, оның 12 жылдан астамын ювеналдық полицияда өткізген. Нақты жұмыс кестесі жоқ бұл қызметтің ерекшелігі туралы алдағы сюжетте.

Оның жұмыс уақыты нақты тапсырмаларға байланысты құрылады. Таңертең – мектептерге барып, профилактикалық әңгімелер жүргізеді, сондай-ақ мұғалімдер мен психологтармен жұмыс істейді. Күндіз – есепте тұрған отбасыларға барып, жасөспірімдер қатысқан құқық бұзушылықтар мен жанжалдар бойынша шақыртуларға шығады.

Ерлан Қалқамбеков, Павлодар қаласы пб солтүстік бөлімі ювеналдық полиция тобының инспекторы

Егер учаскелік инспектор шешімді дереу қабылдайтын болса, бізде керісінше, бұл процесс ұзаққа созылады. Кәмелетке толмағандарға қатысты мәселелерді біз жан-жақты қарастырамыз. Өз жұмысымыздан бөлек, мектеппен, психологтармен және балалармен бірлескен жұмысты ұйымдастыруымыз қажет. Балалар психологиясы – ерекше сала. Олармен сөйлесе білу, тіл табысу маңызды. Жасөспірімдердің ойлау қабілеті әлі қалыптасу үстінде. Сондықтан бәрін сабырлы түрде, қарапайым тілмен түсіндіру қажет.

Ең жиі кездесетін құқық бұзушылық – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде болуы.

Ерлан Қалқамбеков, Павлодар қаласы пб солтүстік бөлімі ювеналдық полиция тобының инспекторы

Бізде ең жиі кездесетін бап – 442-бап. Онда кәмелетке толмағандардың кешкі 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуына тыйым салынған. Осыған байланысты балалар түнгі уақытта көшеде жиі ұсталады. Қазір кезекші бөлімнен материалдар келіп түсті. Балалар түнгі уақытта ұсталған. Екі материал, екі жасөспірім 23:00-ден кейін көшеде болған. Енді мен оларды шақыруды бастаймын. Егер телефон нөмірлері болмаса, онда олардың оқу орындары арқылы анықтаймын.

Ерлан Қалқамбеков үшін мамандық таңдау кездейсоқ болмаған. Оның әкесі де полиция қызметкері болған. Сол үлгі оның кәсіби жолын айқындады.

Бауыржан Қарабаев, Павлодар қаласы ПБ солтүстік бөлімі бастығының орынбасары

Біздің ювеналдық полиция тобында майор Ерлан Қалқамбеков қызмет етеді. Ол ішкі істер органдарында 18 жылдан астам жұмыс істеп келеді, оның 12 жылдан астамы осы қызметте. Өзін еңбекқор, жауапты, өз ісінің маманы ретінде көрсетті. Ұжымдағы жас қызметкерлерге үлгі бола алады. Оларға бақылау жасап, кәсіби тұрғыда үйретеді.

Ерлан Қалқамбековтың айтуынша, оның қызметіндегі жақсы нәтиже хаттамалар санымен емес, жасөспірімдерді дұрыс жолға бағыттай алуымен өлшенеді.