Қаржылық пирамида – әлі де өзектілігін жоғалтпаған мәселелердің бірі. Азаматтар олардың әл де схемаларына сеніп, қаражаттарын жоғалтуда. Оған ұрынбаудың жолы қандай? Қаржы пирамидасы екенін қалай аңғарамыз? Алдағы материалда.
Қаржы пирамидалары – қоғамға зор зиян келтіретін алаяқтық схемалардың бірі. Соңғы екі жылда өңірде мұндай төрт ұйымның заңсыз қызметі анықталып, 15 қылмыстық іс тіркелген.
Арман Ізбастинов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырушылық-бақылау басқармасының басшысы
«Бірінші іс «А» кооперативіне байланысты болды. Облыс бойынша 17 адам жәбірленуші деп танылды. Тұтыну кооперативі қаржылық пирамида болып шықты. Жалпы шығын 26 млн теңгені құрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тұтыту кооперативі менеджерінің шоты бұғатталды. Шотта шамамен 50 млн теңге қаражат болған. Сонымен қатар құны 11 млн теңгені құрайтын көлікке тыйым салынды. Кейін қаржылық пирамиданың негізгі ұйымдастырушылары Алматы қаласынан болғандықтан, қылмыстық іс Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп тексеру департаментіне жіберілді.» 03.24
Тағы бір іс аясында 125 салымшының қаражатын заңсыз тартып, жалпы сомасы 821,4 млн теңгені құраған қаржы пирамидасы әшкереленді. Аталған салымшылар еліміздің әртүрлі өңірінен болған.
Арман Ізбастинов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырушылық-бақылау басқармасының басшысы
«ХАС» қаржылық пирамидасы 2022-2023 жылдары еліміздің бірнеше аймағында жұыс істеген, атап айтқанда – Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және Семей қаласында әрекет еткен. Заңсыз әрекет нәтижесінде 125 салымшыдан 821 млн теңге қаражаты тартылған. Шығын көлемі 780 млн теңгені құрады. «2025 жылдың наурыз айында өңір аумағында «ХАС» ұйымына қатысты үкім шығарылды. Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары 12, 10, 9 және 6 жылға нақты бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сотталған тұлғалар элиталы көліктер, сәнді бұйымдар, пәтерлер, жер учаскелері және басқа да мүліктерді сатып алған. Сот ісін қарау нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары мен ұйымдастырушыларынан құны 160 млн теңгені құрайтын 4 пәтер, 231 млн теңгені құрайтын 18 автокөлік, құны 497 млн теңге болатын 3 жер учаскесі, 103 млн теңге болатын тұрмыстық және ұйымдастыру техникалары, 21 млн теңгеге тұрғын емес үй-жай, қолма-қол қаражат түрінде 270 млн теңге және 80 000 АҚШ доллары, екінші деңгейлі банктердің есепшоттарынада 18 млн теңге, Астана қаласында 4 млн теңге тұратын автотұрақ тәркіленді. Сот шешімімен барлық тәркіленген мүлік зардап шеккен азаматтардың пайдасына бағытталды. Қазіргі уақытта іс бойынша зардап шеккен азаматтарға келтірілген зиянды өтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.»
Тағы екі қаржы пирамидасы бойынша қылмыстық іс аяқталды. Ұйымдастырушыларға сот үкімімен жаза тағайындалды. Қаржы пирамидасына ұрынып қалмау үшін оның негізгі белгілерін білу керек. Маман неге назар аудару керек екенін айтты.
Жоламан Қиналбеков, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 1-ші жедел басқармасының басшысы
«Ең алдымен «бұл компанияның лицензиясы бар ма» деп сұрау керек. Екінші белгі – олар қысқа мерзімде, мысалы бір ай немесе тіпті бір күн ішінде өте жоғары пайыздарды уәде етеді, ірі жарнамалар орналастырады. Үшіншіден – мұндай компаниялардың мүлкі, активтері немесе тұрақты кеңсесі болмайды. Көп жағдайда олар Қазақстаннан тыс жерлерде орналасады немесе атаулары басқа компаниялардың аттарына ұқсас болады, кейде ұлттық қор немесе брендтердің аттарын көрсетеді. Жарнамаларда кеңселер көрсетілгенімен, іс жүзінде ондай кеңселер жоқ я болмаса қалада орындарды уақытша жалға алынған. »
«Кибернадзор» жүйесі арқылы алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Екі жыл ішінде қаржы пирамидасының белгілері бар шамамен 2000 сілтеме бұғатталып, 4 аккаунт жойылған. Сонымен қатар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өңірде кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.