Павлодарда экология жайында фильмнің көрсетілімі өтті. Жастар пластиктің қоршаған ортаға қандай зиян келтіретінін және бұл әсерді азайту үшін қандай шаралар қабылдау керектігін талқылады.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған шара қоршаған ортаның пластик қалдықтармен ластануы және оның табиғат пен адам денсаулығына әсері туралы деректі фильм көрсетілімінен басталды. Онда пластиктің ыдырауына жүздеген жыл кететіні, оның топырақ пен суқоймаларды ластайтыны, жануарлар мен құстарға ауыр зиян келтіретіні және су мен тамақ арқылы ағзаға түсуі мүмкін екені анық көрсетілді.
Тамирис Бесеенова, жастар бастамаларын дамыту орталығы жанындағы еріктілер орталығының инспекторы
«Бұл – YouTube платформасынан алынған бейнежазба. Біз оның өте мазмұнды екенін байқап, оны жастарға көрсетуді ұйғардық. Өйткені бұл фильм адамдардың қалдықтарды дұрыс басқармауы мен пластикті шектен тыс қолдануының салдары қандай болатынын түсіндіреді». «Жалпы алғанда, менің ойымша, біздің қоғамда пластик өте көп қолданылады, сондықтан бұл – маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе жастар пластикті күн сайын пайдаланып, тастай салады әрі қайта өңдеу мүмкіндіктері туралы жеткілікті білмей жатады»
Деректі фильмнің көрсетілімінен кейін акцияға қатысушылар қоршаған ортаның пластик қалдықтармен ластануы мәселесін жан-жақты талқылап, экологиялық ахуалды жақсартуға әрі пластиктің табиғатқа тигізетін зиянын азайтуға бағытталған тиімді жолдарды қарастырды. Пікір алмасу барысында жастар күнделікті өмірде бірреттік пластикті тұтынуды азайту, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру және қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетін қалыптастыру жөнінде бірқатар маңызды ұсынысты ортаға салды.
Кирилл Даник, студент
«Пластиктің ыдырау уақыты орта есеппен 450 жылға дейін созылады, ал бірреттік стақандар сияқты кейбір заттар табиғатта одан да ұзақ сақталуы мүмкін. Бұл өз кезегінде экожүйеге айтарлықтай зиян келтіріп, қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді.»
Дмитрий Пуртов, студент
«Фильмді көргеннен кейін мен пластикті мүмкіндігінше аз қолдану қажет екенін түсіндім. Әсіресе бірреттік ыдыс-аяқтан, соның ішінде стақан, шанышқы мен қасықтан бас тарту керек деген қорытындыға келдім».
Алдағы уақытта мұндай акциялар ай сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрады, ал еріктілер түрлі экологиялық мәселе мен оларды шешу жолдары туралы ақпарат береді. Жақын арада жаһандық жылыну мәселесіне ерекше назар аударылады.