Жастар «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерге барып, еңбек етуде. Мәселен, соңғы екі жылда Железинка ауылындағы №2 жалпы орта білім беру мектебінің ұжымы екі мұғаліммен толықты. Ауылда жұмыс істеуді таңдаған жас мамандарға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі? Бұл туралы алдағы сюжеттен көрейік.
Ауыл өмірін таңдап, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген жалынды жас мамандардың бірі – Железин ауданы №2 жалпы орта білім беру мектебінің ұстазы Капитолина Белокопытова. Ол – осы білім ордасының түлегі. Бүгінде 11 жыл бойы тәлім алған алтын ұясына қайта оралып, жас ұрпаққа сапалы білім беріп келеді.
Капитолина Белокопытова, Железин ауданы білім беру бөлімінің № 2 ЖОББМ орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі
«Мен осы мектепте білім алып, 11- сыныпты үздік аяқтадым. Кейін жоғары оқу орнына түсіп, оны да сәтті тәмамдадым. Осы кезеңде отбасын құрып, ана атандым. Тыныш әрі жайлы өмір сүру үшін ауылды таңдадым. Бұл таңдауыма туған жерімнің тигізген пайдасы зор деп білемін. Себебі маған көтерме жәрдемақы беріліп, бір жыл ішінде еңбек етіп, жеңілдетілген несие арқылы баспанаға ие болдым. Мені өте жақсы қарсы алды, ұжым өте тату. Мен білім алған уақыттан бері көп өзгеріс бола қойған жоқ. Мұғалімдер де, әріптестер де – өте мейірімді жандар. Әсіресе, тәлімгерім – Екатерина Николаевна Дерунова ерекше қолдау көрсетеді. 2026 жыл Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы деп жарияланған. Сондықтан, бұл жаңа технологияларды жоғары деңгейде қолдануға мүмкіндік береді. Тәлімгерім де осы бағытта көмектеседі. Балалар сабаққа қызығушылықпен қатысып, мұқият тыңдайды, сол арқылы пәнім оларға одан да ұнамды болуда.»
Тағы бір жас маман – Ертіс ауданының тумасы Любовь Чуприкова. Ол аталған білім ордасында бес айдан бері жұмыс істейді. «Мектепте былтыр жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда жұмысқа қажетті барлық жабдық бар, әрі ол қалалық деңгейден еш кем емес», - дейді ұстаз.
Любовь Чуприкова, Железин ауданы білім беру бөлімінің № 2 ЖОББМ көркем еңбек, графика және жобалау пәндерінің мұғалімі
«Мен балалармен шығармашылық мамандықта жұмыс жасауды армандайтынмын Университетте жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйренгендіктен, осы жылы жаңа құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген мектепке келгенде өз білімімді толық көрсете аламын.Сонымен қатар, байқаулар мен жобаларға қатысып, балаларды да шығармашылыққа тартуға, олардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік бар. Менің пәнім үшін барлық қажетті техника мен құрал-жабдық бар. Олар – тігін машиналары, автоматты кесте тігу машинасы, сондай-ақ, толық қамтамасыз етілген арт-студия үйірмесі жұмыс істейді. Еңбек кабинеті үшін де заманауи техникамен толық жабдықталған ас үй бар. Жас маман ретінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келгенім үшін маған көтерме жәрдемақы төленді және жеңілдетілген бағдарлама арқылы пәтер алу мүмкіндігі берілді.»
Осылайша, жас мамандар ауылдық жерде кадр тапшылығын азайтып, мемлекет тарапынан қолдау алып отыр. Олар көтерме жәрдемақыға ие болып, жеңілдетілген несиемен тұрғын үй сатып ала алады. Сол арқылы ауылда тұрақтап, елді мекеннің дамуына өз үлестерін қосады.
Жұлдыз Қабылденова