Елордада өткен халықаралық «Инфоматрикс Азия 2026» байқауында жас өнертапқыштар өз білімдері мен қабілеттерін көрсетті. Ақпараттық технологиялар саласындағы беделді додада павлодарлық оқушылар алтын және күміс жүлдеге ие болды. Қатысушылар ұсынған жобалар қоғамға пайдалы, заманауи мәселелерді шешуге бағытталған.
«Инфоматрикс» — жас ІТ мамандар, бағдарламашылар мен стартап жобалар бақ сынайтын халықаралық байқау. Өңіріміздің оқушылары бұл додаға «Сәби сөзі» атты инновациялық мобильді қосымшаны ұсынды. Жоба кішкентай балалардың сөйлеу қабілетін ерте анықтап, оны дамытуға көмектеседі. Қосымшаны екі оқушы бірігіп жасап, байқауда сәтті қорғап, нәтижесінде күміс жүлдеге ие болды.
Асылжан Шертаева, Павлодар қаласы назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы
Бағдарламада бізің артықшылықтарымыз неде. Біріншіден жасанды интеллект қолданылады. Балалар тапсырмаларды орындап, кемшіліктерін түзете алады. Онлайн лагопеттер бар.
Сондай-ақ, «FluentFlow» атты тағы бір жоба ұсынылды. Бұл бағдарлама ағылшын тілін үйренуге, әсіресе IELTS емтиханына дайындалуға көмектеседі. Аталған жобаның авторы халықаралық байқауда үздік нәтиже көрсетіп, алтын жүлдені жеңіп алды.
Даниял Алданов, Павлодар қаласы назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы
Негізі айлтстің спикинг секциясына дайындалып, практика жасауға және тілді дамытуға болады. Тест тапсыру үшін көмектеседі. Негізі мен 25-27 наурызда өткен бір секцияға қатыстым. Байқауға 130 қатысушы келді. 3000 қатысушыдан 130 оқушысы таңдалды. Әлемнің барлық елдерінен келді қатысушылар.
Екі жоба да қазіргі білім беру мен технологияны ұштастыра отырып, оқушылардың нақты қажеттіліктеріне жауап береді. Жас өнертапқыштар өз идеяларын тәжірибеде іске асырып, қоғамға пайдалы өнім ұсынуға ұмтылған. Олардың жұмысына жетекшілік еткен ұстаздар да оқушылардың ізденісін қолдап, бағыт-бағдар берген.
Айнагүл Ермекова, Павлодар қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі
Айлтс емтиханы өте күрделі. Ал спикинг бөлімі өте күрделі. Бізде мақсат өзіміздің оқушыларымзды осы жоба арқылы айлтске дайындау. Біздің оқушыларымыз жылда айлтс тапсырады. Қажеттілік болған соң тапты. Өзінің ойын жүзеге асырды.
Павлодарлық оқушылардың бұл жетістігі — өңірдегі білім сапасының жоғары екенін көрсетеді. Халықаралық деңгейде топ жарып, жүлде алу — үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Жас өнертапқыштар өз жобалары арқылы тек байқауда жеңіске жетіп қана қоймай, қоғамға қажетті тың идеяларды ұсынды.
Сабина Жолдаспаева