Павлодар қаласында тоғыз тіл меңгерген мектеп оқушысы білім беру ісімен айналысып жүр. №47 мектептің 10-сынып оқушысы Айханым Оқасова өзінен кейінгілерге білім береді. Жасөспірім төрт жыл бойы шет тілдерін жүйелі түрде оқып, табандылығы мен еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге қол жеткізген. Қазір ол тек оқушы ғана емес, өз шәкірттері бар жас ұстаз.

Айханым Оқасова тіл үйренуді 6-сыныптан бастап қолға алған. Оның айтуынша, шет тілін меңгеру оңай емес. Алайда дұрыс тәртіп пен уақытты тиімді пайдалану арқылы кез келген адам өз мақсатына жете алады. Ең күрделі тілдер ретінде араб және қытай тілдерін атап өтті. Себебі бұл тілдерде ереже мен грамматика жүйесі күрделі. Соған қарамастан, ол бұл қиындықтарды еңсере білген.

Тілдерді жетік меңгеру үшін Айханым шетелдік таныстарымен офлайн форматта тұрақты түрде хабарласып, сөйлеу тәжірибесіне басымдық береді. Кейде таңғы 5–6-ға дейін дайындалып, білімін жетілдіргенін де жасырмайды. Қазір ол күн сайын екі тілді қатарынан 2–3 сағаттан оқып, тәжірибелік дағдыны дамытуға ерекше мән береді.

Айханым оқитын мектептің ұстаздары оның жетістіктерін ерекше мақтанышпен айтады. Тапсырмаларды уақытында орындап, алған білімін тәжірибеде қолдана біледі. Үлгерімі тұрақты, жаңа ақпаратты тез қабылдайды. Осындай дарынды, мақсатшыл шәкірттің мектеп қабырғасынан шығуы – ұстаздар үшін үлкен жетістік.

Әсия Оспанова, Павлодар қаласы №47 ЖОББ мектебінің тарих пәнінің мұғалімі

Айханым мектептің барлық шараларына қатысып, өзінің жауапкершілігімен барлық тапсырмаларды орындап жүреді. Өте алғыр, тиянақты. Мектепте білім алғаннан бөлек, ол қосымша жұмыстарға белсене қатысып жүретін қыз. Тек жақсы жағынан көреміз Айханымды.

Бала күнінен мұғалім болуды армандаған оқушы болашақта тіл мектептерінің желісін құруды мақсат етеді. Қазір Айханым түрлі жастағы оқушыларға онлайн және офлайн форматта сабақ береді. Сонымен қатар, шәкірттеріне университет пен білім беру бағдарламаларын таңдауға бағыт-бағдар көрсетіп жүр.

Сабина Жолдаспаева