Осы күндері павлодарлық «Ертіс» командасының футболшылары Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Ол жақта біздің команда алғашқы сынақ матчында ойнайды. Толығырақ келесі материалда.

Түркиядағы жиындағы алғашқы қарсылас Өзбекстанның «Насаф» клубы болды. Бұл кездесуде есепті «Ертістің» белоруссиялық шабуылшысы Павел Седько ашты. Алайда қарсылас жауап ретінде павлодарлықтардың қақпасына үш бірдей гол соқты. Нәтижесінде біздің команда 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

Максим Федин, «Ертіс» ФК жартылай қорғаушысы

Жалпы алғанда, матч біз үшін сәтті өтті деп ойлаймын. Әрине, әлі де жұмыс істейтін тұстар көп. Көп нәрсе жақсы шықты. Ойланатын, талдайтын дүние бар. Жалпы, жақсы сынақ ойыны болды.

Нәтиже көңіл көншітпегенімен,қызықтың бәрі алды. «Ертіс» тағы бірнеше сынақ матчын өткізуді жоспарлап отыр.

Кирилл Альшевский, «Ертіс» ФК бас жаттықтырушысы

Басты мақсатымыз – ең жоғары орындар үшін күресе алатын команда жасақтау. Бұл істің қалай жүзеге асатынына байланысты алдағы міндеттерді айқындаймыз. «Ертіс» – бай тарихы бар клуб, соңғы уақытта премьер-лигада ойнаған жоқ. Сондықтан ол жерде барынша лайықты өнер көрсетіп, жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді. Мен бұған дейін Қазақстан командаларымен жұмыс істеп көрген жоқпын. Бірақ ұлттық құрамалар мен клубтар деңгейінде, жолдастық кездесулерде және еурокубоктарда жиі ұшырастық.

Шынында да, бұндай оқу-жаттығу жиыны жаттықтырушының футболшылардың мүмкіндіктерін тануы үшін, ал ойыншылар бапкердің талаптарын ұғынуы үшін өткізіледі.

Кирилл Альшевский, «Ертіс» ФК бас жаттықтырушысы

Дайындықтың бастапқы кезеңіндегі негізгі міндет – әрдайым фундамент қалау: физикалық жағдайды, мүмкіндіктерді арттыру. Біртіндеп команда талаптарға үйренеді. Құрама жасақтала отырып, футболшылардың алаңда қашан, қай сәтте, не істеу керегін нақты түсінуі де маңызды. Яғни команданы чемпионатқа барынша дайындау басты мақсат. Қазір жұмыс процесі жүріп жатыр. Потенциалды үміткерлерді көптеп қарап жатырмыз, құрам шамамен 50 пайызға жасақталды. Бізде белгілі бір бағытқа ғана басымдық берілмейді, мүмкіндігімізге қарай әрекет етеміз. Клубтың тарихы терең екенін түсінеміз, жанкүйерлер де павлодарлық тәрбиеленушілерді көргісі келетіні анық. Біз бұл жолда қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бірақ бұл оңай емес, өйткені футболшылар өздеріне жағдайы жақсы, үйреншікті орта ұсынатын клубтарды таңдайды. Сондықтан әрдайым қалағанымыздай бола бермейді. Команданы осылай қалыптастырып жатырмыз. Барлық шепті күшейту қажет. Қорғаныс шебінде ойыншыларымыз көбірек. Қазір жартылай шабуыл шебіндегі футболшыларды қарастырып жатырмыз.

«Ертіс» командасы Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында 26 ақпанға дейін болады.