Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Павлодар қаласында №24 сәбилер бақшасында қысқы спорттық жарыс өтті. Дәстүрлі түрде өтетін сайысқа балабақша тәрбиеленушілері, олардың ата-аналары мен мектепке дейінгі мекеме педагогтары белсене қатысты.
Шара балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Жарысқа мектепалды даярлық тобының екі командасы қатысты. Олар түрлі эстафеталық және қозғалыс ойындарында өзара бақ сынасты. Мұндай сайыс балабақшада жыл сайын ұйымдастырылады.
Айтжамал Шмидт, Павлодар қаласы №24 сәбилер бақшасының қазақ тілі мұғалімі
Сайыс 2 кезеңнен өтеді. Бірінші кезең балабақша аймағында әр учаскіде 2 команда құралған өздерінің сайыстарын көрсетеді. Балаларға арналған сайыстар дайындалды. Бірінші кезең осы жерде өтеді. Екінші кезең сыртында өтеді. Ол жерде де жарысады. Арқан тартысады, шанамен жарысады, өздерінің спортқа деген қызығушылығын көрсетеді. Әр командада 7 адамнан оның ішінде ата-аналар, педагог және балалар.
Ата-аналар балаларымен бірге эстафетаға қатысып, белсенділік танытты. Ортақ ойындар мен жарыстар қатысушыларды жақындастыра түсті. Ал, балалар үшін бұл күн ерекше мерекеге айналды.
Айла Омарова, Павлодар қаласы №24 сәбилер бақшасының тәрбиеленушісі
Мен бүгін анаммен бірге келдім. Біз жарысқа қатысып, секірдік. Маған балабақша өте ұнайды. Бүгін – ең керемет күн.
Ксения Аркенова, ата-ана
Біз дәстүрлі спорттық шараға қуана қатыстық. Көтеріңкі көңіл күй мен жақсы әсер алдық. Мұндай шара ата-аналар мен балаларды, мұғалімдерді бір-біріне жақындатады. Біздің балабақша бір үлкен отбасыға айналады.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар марапатталды.
Сабина Жолдаспаева