15 наурызда елімізде республикалық референдум өтеді. Бұл күні азаматтар Конституцияның жаңа жобасына қатысты өз таңдауын жасайды. Негізгі заң – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын басты құжат. Сондықтан әрбір дауыс маңызды. Әсіресе, болашағын енді бастап келе жатқан жастар үшін бұл сәттің орны ерекше.
Биыл кәмелет жасқа толған азаматтар алғаш рет дауыс береді. Солардың бірі – 18 жасқа енді толған Анжелика Зайцева. Ол референдумды өзінің азаматтық жауапкершілігін сезінетін маңызды кезең деп санайды. Жас таңдаушы жаңа Конституция жобасымен танысып, онда жастарға қатысты бастамаларға ерекше мән бергенін айтады.
Анжелика Зайцева, Павлодар ауданының тұрғыны
Мен жаңа Конституция жобасымен таныстым. Әсіресе, білімнің басты құндылық ретінде белгіленуі және жастарға берілетін мүмкіндіктер - маған үлкен үміт сыйлады. Жыл сайын студенттік гранттардың бөлінуі, «Жас ғалым» бағдарламасы және шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндігі – жастардың дамуына жасалған нақты қолдау. Сонымен қатар, жаңа жобада цифрлық қауіпсіздікке ерекше мән берілген. Цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау және дербес деректердің қауіпсіздігін конституциялық деңгейде бекіту – қазіргі заман үшін өте маңызды. Мен үшін бұл референдум – жай ғана дауыс беру емес, бұл – өз болашағыма, біліміме және қауіпсіз өмірге деген сенім. Сондықтан 15 наурызда мен өз таңдауымды жауапкершілікпен жасаймын.
Жас буынның белсенділігі – қоғам дамуының айқын көрсеткіші. Референдумға қатысу арқылы әр азамат ел тағдырына бейжай қарамайтынын білдіреді. Әсіресе, алғаш рет дауыс беретін жастар үшін бұл – азаматтық ұстанымды қалыптастыратын маңызды қадам.
Сабина Жолдаспаева