Шаһарымызда алматылық өнерпаздар қонақ болып, қазақтың қасиетті қобызының үнін күмбірлетті. Музыкалық колледж сахнасында өткен кеште олар көрерменге тағылымды әрі мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Толығырақ алдағы сюжетте.
«TAHM-RAYIS» атты сыныптық концерт күні кеше қала тұрғындарына жол тартты. Аталған шара студенттердің кәсіби шеберлігін шыңдауға, шығармашылық ізденісін арттыруға және кәсіби бағдар беру бағытындағы нәтижелерді жетілдіруге зор мүмкіндік берді. Кеш аясында жас музыканттар тәжірибе алмасып, болашақ маман ретінде қалыптасудың маңызды кезеңінен өтті.
Шығармашылық топтың айтуынша, бұл бастама – ең алдымен өнер жолын таңдаған студенттерге қолдау білдірудің айқын көрінісі. Себебі сахнадағы әрбір қадам – болашақ маманның қалыптасуына қосылған үлес.
Концерт барысында музыкалық колледж студенттері де белсенділік танытты. Олар үшін бұл шара – болашақта жоғары оқу орнына түсіп, кәсіби білімін жалғастыруға жасалған нақты қадам. Осындай кездесулер талапкерлердің бағыт-бағдарын айқындап, таңдаған мамандығына деген қызығушылығын арттыра түседі.
Сондай-ақ, сахнада жеке орындауда қаламыздағы өнер ордасы – музыкалық колледждің түлегі Айым Мэлс те өнер көрсетті. Қазіргі таңда ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы студенті. Айтуынша, мұндай кешке қатысу – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.
Жалпы, сапар жоспарға сәйкес екі күнге созылды. Концерттік бағдарламадан бөлек, алматылық өнер майталмандарының қатысуымен қобыз аспабы бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Бұл кездесулер жас музыканттардың орындаушылық шеберлігін арттырып қана қоймай, ұлттық өнерге деген құрметін тереңдете түсті.
Салтанат Бауыржанқызы