Асайын Байханов өңірлік Pavlodar Hub алаңына барып, өңірдің IT-экожүйесінің даму барысымен танысты. Жастардың стартап жобаларын көрді. Оларды жүзеге асыруға жағдай керектігін айтты. Толығырақ тілші сюжетінде.
Pavlodar Hub 2025 жылдың шілде айында ашылды. 140 шаршы метр аумақта резиденттерге арналған жұмыс орындары, коворкинг аймағы және кездесулер залы орналастырылған. Осы уақыт ішінде 1500-ден астам қатысушыны қамтыған 80-нен астам шара өткізілді. Хаб экожүйесінде 20-дан астам белсенді стартап бар және 13 компания Astana Hub-тың ресми резиденті атанды.
Нұргүл Жұмадиева, Pavlodar hub филиалының директоры
Біздің өңір жаңа жобаларды жүзеге асыруда бірінші болғанын қалаймыз. Бұл үшін айти мектеп бар. Жыл сайын жобаларын жүзеге асырып, түлектерді шығарып отыр. 2026 жыл цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект жылы болып бекітілді. Соған орай біз өзіміздің жобаларымызды таныстырғымыз келеді. Стартап орданы іске асыруды жалғастырамыз. Одан бөлек, екі айлық оқыту бағдарламасын іске асырамыз.
Павлодар хаб филиалында жастармен, мектеп оқушыларымен жүргізілетін жұмысқа баса назар аударылуда. AI Hackathon және School Hackathon аясында кадрлық резерв қалыптасып, технологиялық кәсіпкерлік дағдылары дамытылуда. Startup Orda инкубациялық бағдарламасы жүзеге асырылды: 40 өтінімнің ішінен 12 жоба Demo Day финалына шықты. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі бірқатар стартаптармен танысты. Олардың қатарында: Involve Eco System - инклюзиясы бар адамдарға арналған қызметтердің экожүйесі, Math LAB - математиканы оқытуға арналған ойын қосымшасы, Zeyin App - репетиторларды таңдау платформасы.
2026 жылы хабтың аумағын 800 шаршы метрге дейін кеңейтіп, конференц-залдар, коворкинг-алаңдар, IT-мектеп және AI-зертханаларға арналған кеңселер жасау жоспарлануда. Сондай-ақ биыл республикалық және төрт облыстық хакатон өткізу, AI бағдарламалары мен буткемптерді іске қосу, жасанды интеллект форумын ұйымдастыру, тұрақты Pitch Day өткізу және инкубациялық бағдарламаларды кеңейту жоспарланған. Облыс әкімі, қандай да бір жұмыс оңайлықпен келмейтінін айтып, жастарға сәттілік тіледі. Біздің міндетіміз - толыққанды экожүйені қалыптастырып, IT саласын өңір экономикасының өсу нүктелерінің біріне айналдыру үшін барлық жағдайды жасау, деді. Кездесудің қорытындысы бойынша өңір басшысы жастарды тарту, серіктестіктерді ұлғайту, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейге шығу әлеуеті бар жобалар портфелін қалыптастыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде өңірлік 20 хаб бар. Мақсаты техникалық салаларды дамыту.
Самал Қалиқызы