Павлодар қаласының орталығында жаңа төрт жұлдызды қонақ үйдің құрылысы жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Қыстың аязына қарамастан жұмыс тоқтаған жоқ. Туризм және қонақ үй кәсібі саласындағы ауқымды жобаға 7 миллиард теңге инвестиция тартылған. Құрылыс барысымен өңір басшысы Асайын Байханов танысты. Толығырақ тілші материалында.
Халықаралық қонақ үй желісінің басқаруымен жүзеге асатын нысанның құрылысы биыл басталды. Болашақ қонақ үй тәулік бойы жұмыс істейді. Жоба 120 нөмірге арналған. Олардың барлығы төрт жұлдызды санат талаптарына сәйкес болады. Кешен құрамында заманауи конференция залдары қарастырылған. Мұнда іскерлік кездесулер мен форумдар өткізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар мейрамхана, SPA аймағы және фитнес орталығы жұмыс істейді.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Бұл жоба біз үшін өте маңызды. Соңғы он жылда өңірде жеке инвесторлар жүзеге асырған ірі туристік немесе іскерлік нысандар болған жоқ. Көп жобалар мемлекеттік қолдаумен іске асырылды. Ал халықаралық аккредитациясы бар қонақүй Павлодарда алғаш рет салынып жатыр. Қалада ересектерге арналған спорттық инфрақұрылымға сұраныс жоғары. SPA орталықтары іс жүзінде жоқ, фитнес орталықтары да аз. Сондықтан бұл нысан тек қонақтарға ғана емес, қала тұрғындарына да қажет болады деп ойлаймын.
Құрылыс халықаралық оператордың қатаң талаптарына сай жүргізілуде. Мұндай жобаларда стандарттау деңгейі жоғары болады. Өрт және санитарлық қауіпсіздікке, экологиялық талаптарға және энергия үнемдеуге ерекше көңіл бөлінеді. Құрылыс аяқталған соң нысан мемлекеттік қабылдаудан өтеді. Пайдалануға беру рұқсатын алады. Сонымен қатар халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкестігін растауы тиіс.
Инна Равчеева, құрылыс жобасының үйлестірушісі
Негізгі кезең бекітілген. 2026 жылдың маусым айында ғимараттың қаңқасын аяқтау жоспарланған. Сол жылдың тамызында толық жабдықталған үлгілік нөмір таныстырылады. Көрші нөмірлерде әрлеу жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталады. Жұмыс сапасы акустикалық өлшеулермен, өрт қауіпсіздігі және энергия үнемдеу сынақтарымен тексеріледі. Барлық талаптар орындалса, қонақүйді 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында ашу көзделеді.
Қонақ үй қаланың орталығында орналасады. Қонақтар үшін жерасты автотұрақ қарастырылған. Бұған дейін жер асты суларының деңгейіне қатысты алаңдаушылық болған. Алайда жүргізілген зерттеулер жобаны қауіпсіз жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін көрсетті. Қосымша ретінде ғимарат маңында 50 көлікке арналған ашық автотұрақ салынады.
Сабина Жолдаспаева