Павлодар ауданы Новоямышево ауылында орналасқан қожалық - ауыл шаруашылығындағы тұрақты дамудың нақты көрінісі. Ол жыл сайын жаңарып, заман талабына сай дамып келеді. Мұндай ілгерілеуге берік құқықтық негіз қажет. Елдің Негізгі заңына ұсынылып отырған өзгерістер де ауыл еңбеккерлеріне тұрақтылық пен сенімді болашақ қалыптастыруды көздейді.

Қожалық 1635 гектар суармалы жерге картоп егеді. Мал азығына қажетті жем-шөп дайындайды. 10 мың тонналық көкөніс қоймасы салынған. 1200 басқа арналған заманауи сүт фермасы жүріп жатыр. Мұның бәрі – жүйелі еңбек пен ұзақ мерзімді жоспардың нәтижесі. Шаруашылықта әр жоба кезең-кезеңімен жүзеге асады. Осындай бастамалардың тұрақты дамуы үшін шаруалардың құқықтарын заңмен нақты бекіту маңызды.

Қуаныш Темірғалин, шаруа қожалық басшысы

Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз үш жобаны толық жүзеге асырдық. Жұмысты 2021 жылы бастадық. 2022 жылы барлық жобаны аяқтадық. Қолдау нақты болды. Соның нәтижесінде өндірісті кеңейттік. Қазір де мемлекет тарапынан көмек бар. Мұндай қолдау шаруашылықтың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Ауыл еңбегі сенімді тірекке сүйенуі тиіс. Жаңа Конституция жобасында жер мен су сияқты табиғи ресурстарды қорғау күшейтіледі. Сонымен қатар ауыл еңбеккерлерінің құқықтары нақты бекітіледі. Негізгі заңдағы мұндай өзгерістер фермерлер үшін берік құқықтық негіз қалыптастырады.

Қуаныш Темірғалин, шаруа қожалық басшысы

Алдағы уақытта мемлекет заманауи технология енгізуді, жаңа техника алуды және инновациялық шешімдерді қолдануды қолдайды. Бұл өнім көлемін арттыруға және шаруашылықтың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді. Конституция фермерлердің құқығын қорғайды. Заңның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл ұзақ мерзімді жоспар құруға және инвестиция тартуға сенім береді. Жерді қорғауға, шаруаларды қолдауға және ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға бағытталған бұл бастама бүгінгі еңбекке де, келер ұрпаққа да берік негіз қалайды. Біз ел болашағын бірге құруымыз керек.

Бүгінде мұндай қожалықтар заман ағымына сай жаңарып келеді. Себебі бәсекеге қабілетті болу үшін жаңа техника, тиімді тәсіл және тың көзқарас қажет. Елдің Негізгі заңы да дәл солай уақыт талабына сай жаңаруы тиіс.

Сабина Жолдаспаева