Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Григораш жүз жасқа толды. Ардагерді ғасырлық мерейтойымен өңір басшысы құттықтады. Асайын Байханов ардагерге жауынгерлік ерлігі мен соғыстан кейінгі жылдардағы көпжылдық адал еңбегі үшін шынайы алғысын білдіріп, зор денсаулық тіледі.
Биыл 100 жасқа толған ардагер соғыс басталған кезде 17 жаста еді. 1943 жылы жас жауынгерлер мектебін тәмамдап, 293-дивизияның 1034-атқыштар полкі құрамында Забайкалье әскери округіне жіберілді. Қарапайым жауынгерден бөлімше командиріне дейінгі майдан жолын абыроймен өтіп, жауапкершілік, төзімділік және нағыз жауынгерлік мінез танытты.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Жүз жылдық мерейтой – шын мәнінде айтулы дата. Сіздің тағдырыңызда еліміздің тарихы, соғыс жылдарының қатаң сынақтарынан өткен, болашақ ұрпақ үшін бейбіт өмірді қорғап, елді қалпына келтіру жылдарында жанқиярлықпен еңбек еткен тұтас бір буынның тағдыры көрініс тапқан. Сіз – баршамызға ерлік пен табандылықтың, Отанға деген шексіз адалдықтың үлгісісіз!
Ардагер ерлігі мен жанқиярлығы үшін II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, сондай-ақ мерейтойлық наградалармен марапатталған. 1951 жылы Василий Иванович Павлодар қаласына келіп, тағдырын осы шаһармен мәңгі байланыстырған. Локомотив депосында жарты ғасырдан астам уақытын еңбек еткен.