Жексенбі күні облыс орталығында Масленица мейрамы аталып өтті. Қала тұрғындары қысты шығарып салуға жиналды. Ән-би, түрлі ойындар мен сайыстар мереке көркін қыздырды. Толығырақ – тілші материалында.
Гагарин паркі аумағында «Веселая масленица» атты мерекелік шара өтті. Оған тұрғындар көптеп жиналып, саябақ іші көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Светлана Гладышева, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары
«Алдымен, бұл – бірлігіміздің көрінісі. Қыспен қоштасып, көктемнің келуін білдіретін кезеңде, бәріміз осы мерекені атап өтуге жиналып отырмыз. Биыл Масленицамен қатар, мұсылмандардың Рамазан айы тұспа-тұс келуі ерекше. Сонымен қатар, христиандардың оразасы басталады. Мұның бәрі басты ұлттық мерекеміз – Наурыз мейрамы кезінде аяқталады. Бұл Павлодар тұрғндарының өзара бірлікте және жақсы қарым-қатынаста өмір сүріп жатқанын білдіреді»
Мерекелік бағдарлама қызыққа толы болды. Шығармашылыққа жақын тұрғындар өлең айтып, билеп, өнерлерін ортаға салса, спортқа бейімдері күш сынасты. Оған қоса, дәстүрлі тағамдардан дәм татып, ит жегілген шанамен сырғанап, хаски иттермен суретке түсті. Ал орталық сахнада түрлі театрланған қойылымдар ұйымдастырылып, көрерменді қуанышқа бөледі.
Галина Пресиль, Павлодар қаласының тұрғыны
«Барлық павлодарлықтарды Масленица мерекесімен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, амандық, ашық аспан, бар жақсылықты тілеймін. Иә, мереке өте тамаша өтіп жатыр: би ұжымдары өнер көрсетіп жатыр, балаларға арналған көптеген ойын-сауықтар ұйымдастырылған. Балалар сырғанап, мәз-мейрам болып жүр. Өте көңілді мереке өтіп жатыр.»
Мария Цапенко, Павлодар қаласының тұрғыны
«Барша павлодарлықтарды Масленица мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің тезірек келуін, мол бақыт пен береке тілеймін. Тамаша мереке ұйымдастырылған. Маған концерт өте ұнады, әсіресе балаларды шанамен қыдыртқан иттер ерекше әсер қалдырды.»
Масленица қуыршағы – мерекенің басты нышандарының бірі. Оны өртеу өткеннің ауыртпалықтары, өкпе-реніш пен жамандық атаулыны отпен аластап, көктемге жаңа үмітпен қадам басуды білдіреді. Бұл – мерекенің ең әсерлі, шарықтау сәті болды.
Жұлдыз Қабылденова