Облыс әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласында жұмысшы жастармен кездесті. Онда адам капиталының дамуы, жастардың болашағы жайында әңгіме өрбіді. Әлеуметтік міндеттемелер тақырыбында да сөз қозғалды.

Аймақ басшысы сөз басында жастармен кездесуге әрқашан ықылысты екендігін жеткізді. Еліміздің жас буын өкілдерінің ойын тыңдау әрқашан қызықты екендігін айтты. Өзінің де жас кезін еске алды. Қазіргі уақытта еліміздің жас буынын тәрбиелеуге 4 баланың әкесі ретінде ат салысып жатқандығын айтты.

Облыс әкімі жастардың күш-жігері ел дамуында әркез шешуші роль атқаратындығын айтты. Сондықтан, жастарды елімізде болып жатқан барлық іс-шараларға, оқиғаларға белсенді қатысу керек деді. Мәселен, алда жаңа Конституцияны таңдауға байланысты референдум келе жатыр.

Кездесуде әлеуметтік міндеттемелер жайлы да кеңінен сөз болды. Жастардың айтынша бұл бағытта қазіргі уақытта едәуір алға ілгерлеушілік бар.

Өңірдің өндірістік әлеуеті мен экологиялық мәселелері де талқыланды. Облыс әкімі Павлодар облысы Қазақстан экономикасының стратегиялық салалары бойынша жетекші орынға ие екендігін айтты. Республикадағы көмірдің 60 пайызы, электр энергиясының 42 пайызы, ферроқорытпаның 58 пайызы, алюминийдің 100 пайызы біздің өңірге тиесілі деді. Ауыл шаруашылығында да облыс алдыңғы қатарда деді. Облыс экология мен экономиканы үйлестіріп жұмыс істеп жатқандығын айтты.