Павлодар ауданы Чернорецк ауылының қариялары салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, оны елдегі қоғамдық-саяси оқиғалармен сабақтастырып келеді. Әсіресе ұсынылған жаңа Ата заң жобасының әр тармағын зерделеп, ортақ отырыстарда талқылауда.
Чернорецк ауылында жасы 70-тен асқан тұрғындар скандинавиялық жүріс клубына бірікті. Қазіргі таңда топ құрамында 12 адам бар. Олар денсаулықты нығайтумен қатар, елдегі маңызды жаңалықтарды да назардан тыс қалдырмайды. Жаңа Конституция жобасы да клуб отырыстарында кеңінен талқыланып жүр. Клуб мүшелерінің айтуынша, құжаттағы 32-бап ерекше көңілге қонымды. Онда Қазақстан азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бары және заңмен белгіленген медициналық көмек алуға мүмкіндігі қарастырылған.
Наталья Пащенко, Чернорецк ауылының тұрғыны
15 наурызда референдум өтеді. Бұл күні өз таңдауымызды жасаймыз. Елімізде тыныштық, бейбітшілік, достық болсын деп тілейміз.
Бақыт Жарылғапова, Чернорецк ауылының кітапхана меңгерушісі
Конституцияда денсаулық мәселесінің нақты көрсетілгені қуантады. Біздің топта жасы 70-тен асқан адамдар көп, сондықтан бұл – біз үшін маңызды. Жалпы, бұл өзгерістер барша азаматтың игілігіне бағытталған деп есептеймін.
Ауылдағы скандинавиялық жүріс тобы бес ай бұрын құрылған. Қариялар таза ауада серуендеп, денсаулықтарын нығайтып қана қоймай, клубта бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, ел жаңалықтарымен бөліседі. Осылайша скандинавиялық жүріс тек дене белсенділігі емес, өзара сыйластық пен азаматтық белсенділікті арттыратын маңызды алаңға айналып отыр.
Әйгерім Тоқпанқызы