Павлодар қаласында құтқару қызметінің мамандары көпқабатты тұрғын үйде өртке қарсы оқу-жаттығу өткізді. Шараға 8 бірлік арнайы техника мен 27 қызметкер жұмылдырылды. Мамандар тыныс алу құралдарын пайдалана отырып, жоғарғы қабаттарға су жеткізу тәсілдерін пысықтады.

Оқу-жаттығу шарты бойынша өрт жоғарғы қабаттағы пәтерлердің бірінде тұтанған. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндіру бөлімдері алдымен барлау жұмыстарын жүргізді. Арнайы техника орналастырып, түтін жайлаған аумақтан тұрғындарды сыртқа шығарды. Шартты түрде зардап шеккен азаматтарға алғашқы көмек көрсетілді.

Рүстем Молдажанов, Павлодар облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісінің орынбасары

Бұл нысан жоғары қауіп-қатер санатына жатады, себебі мұнда тұрғындар саны көп. Құтқару жасағының көмегімен екі адам жоғары қабаттан арнайы арқан арқылы түсірілді. Баспалдақ алаңы арқылы 17 тұрғын эвакуацияланды. Арнайы техниканың көмегімен тағы 4 адам құтқарылды. Шартты өртті сөндіруге мамандандырылған №1, №3, №4, №5 өрт сөндіру бөлімдері және Павлодар ауданының №1 өрт сөндіру бөлімі қатысты. Бұл оқу-жаттығу жеке құрамның іс-қимылдарын жетілдіру үшін ұйымдастырылды. Мұндай тәжірибе болашақта төтенше жағдайлар кезінде тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Оқу-жаттығу барысында газ-түтіннен қорғау қызметінің іс-әрекетіне айрықша мән берілді. Мұндай жаттығулар төтенше жағдай кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауды ескертеді. Түтін басқан жағдайда лифтіні қолдануға болмайды. Ең алдымен ғимараттан шығып, 101 немесе 112 байланыс нөмірлеріне хабарлау қажет.

Сабина Жолдаспаева