2025 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер органдарының байланыс-орталығында үздік маман анықталды. Республикалық деңгейде жүргізілген бағалау нәтижесінде бұл атақ Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері Айнұр Оқаповаға берілді. Ол халық саны орташа өңірлер арасында жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Айнұр Оқапова –Мемлекеттік кірістер органдарының байланыс-орталығында жұмыс істейтін тәжірибелі маман. Күн сайын ол салық төлеушілерден түсетін ондаған қоңырауға жауап береді. Әр өтінішке үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сұрақты мұқият тыңдап, заң талаптарын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіреді.

Айнұр Оқапова, мемлекеттік кірістер басқармасының байланыс-орталығының бас маманы

Мен еңбек жолымды 2005 жылы бастадым. Ал 2019 жылдан бері түсіндіру жұмыстары және байланыс-орталығы басқармасында қызмет етіп келемін. Негізгі міндетім – түскен қоңырауларға жауап беру. Күн сайын 70-тен асады. Себебі бізге республикалық деңгейде еліміздің әр өңірінен хабарласады. Мәселелері әртүрлі. Мысалы, есепшоттардың бұғатталуы немесе салық берешегі туралы сұрақтар жиі қойылады. «Үздік оператор» атағы арнайы критерийлер бойынша анықталды. Біздің облыс белгіленген көрсеткіштерді толық орындады. Таңдау республикалық деңгейде жүргізілді. Нысаналы индикаторлардан бөлек, тестілеу кезеңі болды. Мен барлық сұрақтарға дұрыс жауап бердім.

«Үздік оператор» мәртебесі – бір күннің жетістігі емес. Бұл – тұрақты еңбек пен сапалы жұмыстың нәтижесі. Айнұр Оқапованың кеңестері толық әрі нақты болғандықтан, салық төлеушілердің сенімі артып келеді. Маманның кәсіби шеберлігі мен адамдарға деген шынайы ниеті әріптестері арасында жоғары бағаланады.

Төлеген Шаймарданов, мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы

Қызмет еткен уақытында ол өзін кәсіби, білікті маман ретінде көрсете білді. Байланыс-орталығына 1414 нөмірі арқылы хабарласатын азаматтармен жұмыс істеуді жетік меңгерген. Әрбір өтініш иесіне сапалы кеңес береді. Біздің ақпараттық жүйелерді қалай пайдалану керектігін түсіндіреді. Күрделі мәселелер туындаған жағдайда, азаматтарға нақты бағыт-бағдар көрсетіп, шешім табуға көмектеседі. Айнұр Сансызбайқызы – өте жауапты әрі жанашыр маман. Әр адамның жағдайына түсіністікпен қарайды. Ешбір сұрақты жауапсыз қалдырмайды.

Байланыс-орталығы мемлекеттік кірістер органдарының заманауи сервистік жұмысының маңызды бөлігі саналады. Осындай білікті мамандардың арқасында азаматтардың сұрақтары жедел шешіліп, мемлекеттік қызметке деген оң көзқарас қалыптасуда.

Сабина Жолдаспаева