Қала автопаркі жаңа автобустар мен трамвайлармен толықты. Осылайша шаһардағы қоғамдық көліктер кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Сонымен қатар, облыс әкімі жол жөндеу жұмыстары мен жаңа көпір құрылысының қарқынымен танысты.
Павлодар автокомбинатына келген жаңа автобустар 18 және 27 бағыттарға шығарылған. Қазір қала бойынша 260 жаңа автобус қатынайды.
«Автокомбинат» ЖШС басшысы Александр Панченконың айтуынша, автобустар 95 орынға шақталған, оның 36-сы отыратын орын. Көліктер бейнекамералармен жабдықталған, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған траптар мен кондиционерлер орнатылған.
Соңғы 5 жылда қала автопаркі толық жаңартылған. Әр жылдары ондаған жаңа автобус сатып алынып, бүгінде олардың саны 260-қа жетті.
Аймақ басшысы трамвай басқармасына да барып, қызметкерлермен кездесті. Қала бюджеті есебінен 10 жаңа трамвай сатып алынған. Алдағы уақытта трамвай паркі де кезең-кезеңімен жаңартылмақ.
Павлодар облысының әкімі Асаин Байхановтың сөзінше, бұл бағыттағы жұмыс ұзақ уақыт бойы жүргізілген. Енді жыл сайын 10–15 трамвайды жаңарту жоспарланып отыр.
Жаңа трамвайлар 160 орынға арналған. Ішінде Wi-Fi, қуаттау құрылғылары және бейнебақылау жүйелері бар.
Қалада жол жөндеу жұмыстары да қатар жүргізілуде. Биыл Павлодарда 22 көшеде орташа жөндеу жоспарланған. Оның ішінде Қайырбаев, Кривенко, Сәтпаев, Бұқар жырау және Жібек жолы көшелерінде жұмыстар басталып кеткен.
Қала әкімі Хасар Хабылбековтың айтуынша, жөндеу барысында қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон қолданылуда. Бұл әдіс бұрынғы асфальтқа қарағанда төзімді екенін көрсеткен.
Сонымен қатар, коммуналдық желілерді жаңарту жұмыстары жол төсеуге дейін жүргізілмек.
Қаланы аралау барысында облыс әкімі Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысымен танысты. Жоба жыл соңына дейін аяқталып, желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
«ҚазАвтоЖол» АҚ өкілі Ермұрат Нұрхановтың мәліметінше, көпірдің негізгі тіректерінің құрылысы аяқталған. Қазір аралық бөліктері салынуда.
Жоба аясында қазан айында жол жабындысы төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, кесілген жасыл желекті қалпына келтіру тапсырылды.
Жаңа көпірде көлік қозғалысымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған жол да қарастырылған. Ал ескі көпірді бұзу жұмыстары келесі жылға жоспарланған.