Павлодар облысына жұмыс сапарымен «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Екатерина Смышляева мен Вера Ким келді. Сапар барысында цифрлық күн тәртібі мен әлеуметтік бастамалар талқыланды.


Сапар аясында партияның облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысы және облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның жиналысы өтті. Жиында цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту, цифрлық заңнаманы жетілдіру және инклюзивті саясат мәселелері қаралды.


Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өңірде осы бағыттарды дамыту болды.


Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, цифрлық заңнама технологиялардан қалып қоймай, керісінше олардан озық болуы тиіс. Бұл әр азаматтың цифрлық құқықтарын қорғауға және жаңа мүмкіндіктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.


Жиын барысында «Цифрлық қоғам: әркімге цифрлық құқықтар мен мүмкіндіктер» жобасы аясында заңнаманы қалыптастыру мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар, өңірлік деңгейде инклюзивті саясатты дамытуға ерекше назар аударылды.


Пікірталасқа салалық басқарма басшылары қатысып, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру және қоғамдық даму салаларындағы тәжірибелер мен жаңа тәсілдерді ұсынды.


Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Жадыра Макенованың айтуынша, инклюзия – шектеулі жандарды қолдауға бағытталған маңызды қадам.


Ал облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Самал Қадырова өңірде әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті.


Іс-шара соңында партия қатарына жаңа мүшелер қабылданды. Өңірдің дамуына үлес қосуға ниет білдірген 13 адамға партия билеттері табысталды.