Павлодар облысында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған қайырымдылық акциясы өтті. Қызыл Ай Қоғамының облыстық филиалы 26 отбасыға көмек көрсетті.
Акция аясында көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айырылған жандарға және ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиелеп отырған жанұяларға күнделікті тұрмысқа қажетті заттар табысталды. Олардың қатарында киім-кешек, аяқ киім және азық-түлік өнімдері бар. Бұған дейін де еріктілер мұқтаж жандарға арнайы азық-түлік жиынтықтарын таратып, жүйелі түрде көмек ұйымдастырып келген.
Гүлнар Исаханова, Павлодар облыстық «Қызыл ай» қоғамының директоры
Бұл акцияны жылда біздің демеушілеріміз Араб Әмірліктерімен және Қызыл Ай қоғамымен өткізетін шарамыз. Осы акцияда 600 мың теңгеге киім алдық. Бұдан бұрын наурыз айы бойы ифтар бокстар тараттық, азық-түлік себеттерін тараттық. Санаған кезде 100ден аса отбасы көмек алды.
Көмек алған тұрғындар демеушілерге шынайы алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, мұндай қолдау қиын кезеңде үлкен демеу болады. Көпбалалы аналардың бірі, қазір бесінші сәбиін күтіп отырғанын айтып, берілген көмектің отбасы үшін аса маңызды екенін жеткізді.
Эльвира Ельчинко, Павлодар қаласының тұрғыны
Мен бұл жерге алғаш 5 жыл бұрын жүгіндім. Сол кезде маған киім, аяқ киім және балаларға арналған азық-түлікпен көмектесті. Биыл да қайта шақырып, азық-түлік пен киім берді. Осындай қиын кезде қолдау көрсетіп жүрген Араб Әмірліктеріне және Қызыл Ай қоғамына алғысымды білдіремін. Мен көпбалалы анамын, бізге оңай емес. Көп рақмет айтамын.
Мамандардың айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бастама әлеуметтік осал топтағы отбасыларды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі.
Сабина Жолдаспаева