Шарбакты ауылында отбасылық кондитерлік кәсібі жаңа деңгейге көтерілді. Үй жағдайында басталған шағын бизнес бүгінде кеңейіп, жеке кондитерлік цехтың ашылуыга дейінгі қадам жасалды. Бұл мүмкіндік кәсіпкерге «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілген жеңілдетілген несие арқылы жүзеге асты.
Бес жыл бұрын Ержан мен оның жұбайы күніне тапсырыс бойынша небәрі екі торт дайындаудан бастаған. Бүгінде өндіріс көлемі айтарлықтай артып, бизнесті одан әрі кеңейту қажеттілігі туындады. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылдық 2,5% мөлшерлемемен 34 миллион 600 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, ісін кеңейтуге кірісті.
Ержан Әлімов, кәсіпкер
Биыл Шарбақты аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне барып, несие алу бойынша кеңес алдық. Осының арқасында кондитерлік өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік туды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мен кондитерлік цехқа арналған жылжымайтын мүлік сатып алу үшін несие алдым. Қазір Шарбақты ауылынан нысан алып, өз кондитерлік бизнесімізді кеңейтіп жатырмыз.
Қазіргі таңда жалпы аумағы 400 шаршы метр болатын нысанды құжаттық рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Оның құрамына кондитерлік цех, қосалқы бөлмелер және сауда залы кіреді. Мұндай кеңею өндіріс көлемін арттыруға және ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ержан Әлімов, кәсіпкер
Қазіргі таңда 2 жұмыс орны бар, ал қосымша тағы 2 және одан да көп адамды жұмысқа алу жоспарланып отыр. Мүмкіндігінше көбейтіп, жалпы саны 5 адамға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы уақытта торттар мен корж пісіруге арналған кәсіби пештер, миксерлер, тоңазытқыштар және кондитерлік өнімдер дайындауға қажетті өзге де құрал-жабдықтар сатып алынатын болады.
Ержан Әлімов өз үлгісі арқылы ауылдағы шағын кәсіптің өзі уақыт өте келе ірі жергілікті өндіріске айнала алатынын дәлелдеуді мақсат етіп отыр.
Самал Қалиқызы