12 сәуірде аталып өтетін Халықаралық ғарышкерлер күні және Ғылым күні мерекелері қарсаңында облыс ортлығында «TechFest» атты фестиваль өтті. Мұнда жас инженерлер өздерінің зерттеу жобаларын таныстырды.
«TechFest» фестивалі аясында оқушылар қатысушылар ғарыш, авиация, робототехника және қолданбалы инженерия бағыттарындағы жобаларын ұсынды. Олар балалардың білімін, сондай-ақ ғылымға, зерттеушілік қызметке деген қызығушылығын көрсетті.
Гүлнәр Баубекова, қазылар алқасының мүшесі
«Үстелдердің үстінде макеттер қойылған. Біз қазылар алқасы ретінде әр жобаны мұқият аралап қарап, қатысушыларды тыңдаймыз. Әрқайсысы өз жұмысының мақсатын, мазмұнын және ерекшелігі неде екенін түсіндіреді. Бүгін біз олардың еңбегін бағалап, үздік жобаларды анықтаймыз. Ұсынылған жұмыстар авиация мен ғарыш тақырыптарына, сондай-ақ оларды зерттеуге арналған. Мұндай жобаларды ерекше назармен қарастыру қажет. Әрбір оқушы өз идеясын толық әрі түсінікті жеткізуі тиіс, өйткені кейбіреулерге ол жай ғана тас немесе метеориттің сынығы болып көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде, бұл жобалардың астарында астероидтық қауіп секілді маңызды ғылыми мәселелер жатыр.»
Мәселен, Дана Барлыбай астрономия, физика және астрофизиканы оқытуға арналған инновациялық қосымша әзірлеген. Ол бұл жобаны әзірлеуге екі ай уақыт жұмсаған.
Дана Барлыбаева, фестиваль қатысушысы
«Жоба бес бөлімнен тұрады, бірнешеуі оқытуға бағытталған. Мәселен, тұтас бір бөлім шоқжұлдыздарға арналған: онда олардың бейнесін көруге, атауларын, ерекшеліктерін, құрамындағы жұлдыздарды, олардың аумағын және басқа да мәліметтерді білуге болады. Сондай-ақ, кез келген сұрақ қоюға болатын жасанды интеллектке негізделген чат бар. Мысалы, қанша шоқжұлдыз бар, ең үлкені қайсы деген сияқты сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік береді.Тағы бір бөлім теориялық астрономияға арналған. Мұнда өлшем бірліктері — астрономиялық бірлік, парсек, жарық жылы түсіндіріліп, оларды өзара есептеуге болады. Бұл әсіресе жоғары сынып оқушылары үшін есеп шығару барысында өте ыңғайлы. Мәдениетке арналған бөлімде ежелгі көшпенділер астрономиясы, олардың шоқжұлдыздары, жұлдыздары және басқа да ғарыш нысандары туралы мәліметтер беріледі. Ал кіріспеде негізгі ұғымдар түсіндіріледі: астрономия деген не, комета, планета дегеніміз не, сондай-ақ Күн жүйесіндегі ғаламшарлар туралы баяндалады.»
Көрмеде ең жақсы деп танылған жобалардың авторлары дипломдармен марапатталады. Ал ең жоғары нәтиже көрсеткен екі жоба республикалық «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» атты инновациялық идеялар байқауына жолдама алады.
Жұлдыз Қабылденова