Павлодар қаласының сегізінші шағын ауданының тұрғындары сенбілік өткізді. Зейнеткерлер тазалық шарасын ән айтып, би билеп қарсы алды. Осылайша Ардагерлер кеңесінің мүшелері Еңбек пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Қалалық сенбілік аясында олар аула тазалап, айналаны ретке келтіруге атсалысты.
Таңғы сағат сегізден бастап зейнеткерлер жұмысқа кірісті. Қолдарына күрек пен сыпырғыш алып, аумақты тазалады. Қоқыс жинап, аулаларды ретке келтіріп, ағаштарды бұтады. Көктем – жаңару кезеңі. Ал тұрғындар үшін бұл – ең алдымен тазалыққа мән беретін уақыт.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қыс мезгілінен кейін аулаларда қоқыс көп жиналады. Мұндай сенбіліктер сол олқылықтың орнын толтырып, тазалықты қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Зүлфира Қайырбаева, Павлодар қаласы 8-шағын ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы
Сәуір айы – сыртқа шығып, айналаны тазартатын уақыт. Біз тек аула тазалап қана қоймай, ән айтып, би билеп, жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Осындай сәттер шабыт береді. Бірге жиналып, еңбек етеміз. Ең бастысы – бірлікте болып, әр күнімізді мереке ретінде өткізу.
Қатысушылардың айтуынша, тек тазалау жеткіліксіз. Аға буын өкілдері жастарға үлгі көрсетуді мақсат етеді.
Рымды Қарабек, Павлодар қаласы 8-шағын ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі
Бұл ұйымның мақсаты салауатты өмір салты. Біз де салауатты өмір салтын жастарға беру үшін, оларға көрсету үшін әртүрлі жұмыстар атқарылады. Соның ішінде көркем өнерпаздар үйірмесі бар. Мен жетекшілік етемін. Басқа да жұмыстарға қатысамыз. Концерт қоямыз.
Ардагерлер кеңесі тұрғындардың басын қосып, түрлі мәдени және қоғамдық шаралар ұйымдастырып келеді. Бұл жолғы сенбілік те көңіл-күймен, ән және бимен аяқталды.
Сабина Жолдаспаева