«Қыпшақ даласы», «Крендель», «Патрульдік полиция». Жергілікті әнші Бақытжан Жұмаділдиновтың талайдың жүрегін жаулаған дәл осы хит әндері концертте шырқалды. Ән кеші тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналды. Ән кешінің әсері жайлы тілшіміз тарқатсын.

Павлодарлық әнші, композитор Бақытжан Жұмаділдиновтың Ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ән кеші өтті. Әншінің сөзінше, осы жолғы концертте тек жаңа әндер орындалды. Жалпы жерлес әнші шаһардың әр көшесі мен ғимаратына ән арнаған жан.

Бақытжан Жұмаділдинов, әнші, композитор

Биыл ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығы соған орай «Қыпшақ даласы» деген әнімді орындаймын. Осы ән арқылы ата бабамыздың қандай мықты болғанын көрсетіп, бостандық, тәуелсіздік үшін қалай күрескенін көрсеткім келді. Жалпы қазақ хандығының, республикамыздың қалай дамығанын көрсеткім келді. Дәл осындай ән осыдан 10 жыл бұрын Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай орындалған еді.

Концерт он екі блоктан тұрды. Яғни әнсүйер қауымның сүйіп тыңдайтын 20-ға жуық әні орындалды. Патриоттық әндермен қатар «Крендель», «Патрульдік полиция», «Кит», «Кардиоорталық», Стюардесса» деген де туындылар шырқалды.

Бақытжан Жұмаділдинов, әнші, композитор

Жылдар өте келе бойымдағы қобалжу кеткен сияқты. Себебі мен дайындық барысында кішкене қобалжуым мүмкін, себебі мен өзім директормын, өзім әкімшілікпін, өзім бимен де, басқамен де келісіп жүгіріп жүремін. Бағдарламаны өзім әзірлеймін. Бүгінгі бағдарлама да мен қоюыммен, сценарийіммен жасалды. Қолдау білдірген ұжымдарға алғыс айтамын.

Бақытжан Жұмаділдиновтың ән кештері дәстүрлі түрде жылда өтіп тұрады. Тыңдармандар бұл конценттерді асыға күтеді.

Самал Қалиқызы