Ақсу қаласының активіне жаңа әкім таныстырылды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен, өңір басшысының өкімімен бұл қызметке Әнуарбек Аманов тағайындалды. Өңір басшысы жаңа әкімге бірқатар нақты міндеттер жүктеп, қаланың алдағы даму бағыттарын айқындады. 


Әнуарбек Дүйсембайұлы 1986 жылы дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын 2009 жылы Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы ретінде бастаған. Кейін тұрғын үй инспекциясы саласында түрлі қызметтер атқарып, бөлім басшысы лауазымына дейін көтерілді. 2023–2024 жылдары Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары болса, осы тағайындауға дейін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Жиынд ашқан облыс әкімі денсаулық жағдайына байланысты қызметінен кеткен Ақсу қаласының бұрынғы әкімі Болатбек Шәріповке қаланың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Әрине Болатбек Кәрімұлы талай игі істерді атқарып, осы жерде міндетін дұрыс деңгейде жасады. Жұмысын білгенше, күш-қуаты жеткенше жасады. Оған алғысым шексіз. Өкінішке қарай, осы жиынға қатыса алмады. Зейнеткерлердің алдына мен өзім келіп, осы жаңалықпен бөлісейін деп және осы Ақсу қаласының алдағы уақыттағы жоспраларымен танысып, мақсаттарды белгілеп, бірге болайын деп келдім сіздерге. 

Жаңа басшыны таныстырған өңір басшысы қаланың алдағы дамуындағы негізгі басымдықтарды айқындады. Басым міндеттердің бірі ретінде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері аталды. Қаланың жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыру, су құбыры және кәріз желілерін одан әрі жаңғырту, Ақсу кентінде жылу желілерін салу, алдағы жылу беру маусымына сапалы әрі уақытылы дайындалу, сондай-ақ анықталған барлық ескертулерді жоя отырып, жаңа қалалық қазандықты іске қосу және пайдалануға беру жұмыстарын аяқтау тапсырылды. 

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Негізгі міндет қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Әрі қарай да өнеркәсіпті асыру. Өндіріс өсімінің төмендегенінің бір белгісі бар. Бүгінгі таңда Ақсу ферроқорытпа зауытының көрсеткіштері әлсіреді ақырғы жарты жылда. Соны арттыру қажет. Екінші ол инвестиция тарту, бұл өте маңызды. Себебі Ақсу қаласының әлеуеті зор. Осы әлеуетті арттыру үшін бізге жаңа жұмыс орындарды құру, жаңа мекемелерді немесе бизнес орындарын ашу өте маңызды жұмыс екені бәрімізге мәлім. Осы жұмыстарды әрі қарай күшейту керек. 

Абаттандыруға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Алдағы екі жыл ішінде барлық аула аумақтарын ретке келтіру, негізгі көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарының асфальт жабынын жаңарту, сондай-ақ жеке сектордағы барлық көшелерді толықтай асфальттау қажет. Бұдан бөлек, орталық саябақты қайта жаңғырту, жүзу бассейнінің құрылысын уақытылы аяқтау және қаланы кешенді көгалдандыру жұмыстарын жалғастыру тапсырылды. 

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Бюджет кірістерінің орындалуы ерекше бақылауда болу керек. Бұл жерде енді бәрімізге белгілі Ақсу қаласы ғана емес, Екібастұз қаласы болсын, аудандар болсын толықтай бүгінгі күні Павлодар қаласының бюджетіне тәуелді. Оны ашық айту керек. Себебі біздің облысымызда кірістердің деңгейі 650 млрд болатын болса, оның 450 млрд теңгесі тек қана Павлодар қаласының кірістері. Қалған 200 млрд барлық аудандар мен екі қаланың кірістері болып саналады. Бүгінгі күні қарасақ, Ақсу қаласының кірістері жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Бірақ, бұның қарқыны төмен деп айтуға болады. 

Өңір басшысы әлеуметтік салаға да ерекше назар аударды. Денсаулық сақтау саласында медицина кадрларын тарту жұмысын күшейтіп, Ақсу қалалық ауруханасын қайта жаңғырту жобасын іске асыру қажет екені айтылды. Бұдан бөлек, инклюзивті балабақша мен өзге де сұранысқа ие әлеуметтік нысандарды жобалап, құрылысын бастау міндеті жүктелді. Жиынды қорытындылаған Асайын Байханов Ақсу қаласының даму әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, облыс әкімдігі қаланың өркендеуіне жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді. 

Сабина Жолдаспаева