Павлодарлық келіншек балалар алаңында шағын құрылымдарын жуып, тазалап жүрген видеосымен әлеуметтік желіге танылды. Бұны ол алдымен сол алаңда ойнайтын өзінің қызы үшін жасаған. Тазалық әркімнің өзінен басталады, дейді кейіпкеріміз.
Бұл Павлодар қаласының тұрғыны Бибігүл Дәмежанова. 1 жастағы қызы ойнайтын алаңды тазалап, бір-ақ күнде әлеуметтік желіде танымал болып шыға келді. Видеосына есік алдына шығып, шағын құрылымдарды жуып тазалағанын салған.
Бибігүл Дәмежанова, Павлодар қаласының тұрғыны
Бұл ой маған өзіміз асханада анаммен отырған кезде келді. Анам екеуміз «Таза Қазақстан» акциясы туралы айтып отырғанбыз. «Таза Қазақстан» үйде, отбасыдан басталады ғой. Қызымыз туралы ойладық, ол жайлы таза үйде өмір сүреді. Ал, далада болған кезде кейде қоқыс көп, ойын алаңдары кір болып жатады. Сондықтан есік алдына шығып ойын алаңындағы шағын құрылымдарды жууды жөн санадым. Әрине ол күні мен жалғыз шықпадым, көршілерім Ләззат Манаповна, Алина Усманова шығып көмектесті. Балалар да шығып бізге қолұшын берді.
Бибігүл мамандырылған психолог, қазір бала күтімі бойынша үйде отыр. Бос уақытында аналарға влог түсіреді, павлодарлықтар үшін көптеген пайдалы ақпараттар ұсынады. Әлеуметтік желідегі ойын алаңын жинаған видео астына түрлі пікір қалдырғандар болды. Оны жуып қайтесің, бәрібір оны балалар кірлетеді, бояуды деп. Бірақ кейіпкеріміздің оған жауабы мынадай.
Бибігүл Дәмежанова, Павлодар қаласының тұрғыны
Мен оны үлкен мәселе деп санамаймын. Себебі балалар осылай өздерінің ойын, шығармашылығын жеткізеді. Үйде айта алмайтын сөздерін жазады. Мен оны дұрыс қабылдаймын. Керек болса, қайта келіп жууға да дайынмын. Жалпы осыны қолға алуыма қызым түрткі болды. Осының бәрі соның арқасында.
«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы елде көптеген экологиялық акциялар, форумдар өтіп жатыр. Ауқымды шаралардан бұрын қоғамның экологиялық сауаттылығының артқаны қуантады. Бұрынғыдай ПИК пен әкімдікке қарап отырған ешкім жоқ, бәрі де кейіпкеріміз секілді тазалық өзімізден басталады деп жан-жағын жинап, шаһардың көркін сақтауға үлес қосуда.
Самал Қалиқызы