Сондай-ақ Павлодар облысы Аққулы ауданында да жаңа әкім таныстырылды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен, аудандық мәслихат депутаттарының келісімі және өңір басшысының өкімімен бұл қызметке Асқар Ажмұрат тағайындалды. Жаңа басшыны аудан активіне облыс әкімі Асайын Байханов таныстырып, алдағы басым міндеттерді белгіледі.


Асқар Қадырұлы 1976 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді, мемлекеттік қызметте 24 жылдан астам еңбек өтілі бар. Павлодар қаласында, Павлодар және Успен аудандарында басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ екі жылдан астам уақыт Павлодар облысының құрылыс басқармасын басқарды. Жаңа басшыны таныстырған облыс әкімі аудан алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап берді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Ең бастысы бәріміз де халыққа қызмет етеміз. Халықтың әл-ауқаты біздің жауапкершілігімізде. Оны жақсарту, халыққа жағдай жасау басты міндеттердің бірі. Ең маңыздысы жаңа Конституция аясында «Заң және Тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын іске асыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұл бағытта жұмыс әрбір ауданда қарқынды жүріп жатыр. Бірақ бұл жұмыстың қарқынын төмендетпеуіміз бізге міндет. Екіншіден облыстағы құрғақшылықты ескере отырып, өнімді сақтау бойынша қажетті шаралар мен іс-әрекеттер жасау керек. Сонымен қатар, мал азығын дайындау және алдағы егін жинау науқанын уақытылы әрі сапалы жүргізу өте маңызды. Асқар Қадырұлы өзіңіз осы ауданның тумасысыз, елдің тыныс-тіршілігі сізге таныс. 

Өңір басшысы бюджеттік жобалардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді, Баймолдин және Тақыр ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеу бойынша ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ аудандық маңызы бар «Аққу - Қазы - Майқарағай» автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. 

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Асқар Қадырұлы бұл жобаларды келесі жылдың бюджетіне кіргізіңіздер. Біз қолдауды көрсетеміз. Сондай-ақ алдыңғы жылы Тосағаш ауылында мектеп салу, аудан орталығында бассейін құрылысын қолға алыңыздар. Жазғы кезеңде демалыс орындарына келушілер саны жылдан-жылға ұлғаюда. Сол себепті бұл бағытта да біраз жұмыс жасау керек. Келесі шомылу маусымына Тұзқала жағажайында келушілердің барынша қолайлы жағдай жасалуы тиіс екені бәрімізге айдан анық деп ойлаймын. 

Облыс әкімі аудан орталығындағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын бастауды және Тілектес ауылының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Кездесудің қорытындысы бойынша Асайын Байханов жаңа әкімнің алдында ауқымды әрі жауапты міндеттер тұрғанын атап өтіп, ауданды жақсы білуі мен жинақтаған басқарушылық тәжірибесі тұрғындардың игілігі үшін тиімді еңбек етуіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Ал бұған дейін Аққулы ауданының әкімі қызметін атқарған Руслан Мұқанов Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

Сабина Жолдаспаева