Биыл 2 тамызда кәсіби мерекесін атап өтетін теміржолшылар үшін бұл жылдың жөні бөлек, себебі еліміздің солтүстігі пен шығысын байланыстырған Ақсу-Дегелең теміржол желісінің ашылғанына – 25 жыл. Осы мереке қарсаңында келесі сюжетіміздің кейіпкері – осы учаскедегі Көктөбе станциясында алғашқы күннен бері табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы магистралі – Ақсу-Дегелең теміржол желісінің құрылысы 1998 жылы басталып, ел экономикасы үшін маңызды қадам болды. Аталған жобаның алғашқы күнінен бері басы-қасында болып, оның іргетасын қалауға атсалысқандардың бірі – Рашит Жапишев.
Теміржол саласында ширек ғасыр уақыт еңбек етіп келе жатқан Рашит Жапишев Көктөбе станциясында аға электромеханик қызметін атқарады. Ол бұл салаға алдымен монтер болып келіп, тәжірибе жинақтаған. Бүгінде ол станциядағы маңызды белгілер мен құрылғылардың жұмысына жауап береді.
Еңбегі еленіп, құрметке бөленіп жүрген кейіпкеріміз бүгінде салада қызметін жалғастырып, Көктөбе станциясындағы жұмыстың тоқтаусыз әрі қауіпсіз жүруіне өз үлесін қосып келеді. Осындай ерен еңбек пен табандылық әрқашан жоғары бағаға лайық.
Жұлдыз Қабылденова