6679 әскери бөлімінің құрылғанына 59 жыл. Мұнда аға буын салған жол қастерленуде. Ал, бүгінгі қызметшілер «ар», «парыз» және «Отанға қызмет ету» ұғымдарын өмірлік қағида санайды.  

Әскери бөлім өз қызметін жеке айдауыл батальоны ретінде бастаған. Бүгінде әскери бөлімде 600-ге жуық адам қызмет етеді. Олардың қатарында мерзімді әскери қызметшілер, офицерлер және келісімшарт негізінде қызмет ететін әскери қызметкерлер бар. Олар күн сайын заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында қызмет атқаруда.

Манарбек Мұсарьянов, 6679 әскери бөлімі командирінің орынбасары

«6679 әскери бөліміне 59 жыл толып отыр. Осыдан тура 59 жыл бұрын, 1967 жылдың 29 шілдесінде әскери бөлім құрылды. Сондай-ақ бөлім қоғамдық тәртіпті сақтау, сотталғандарды айдауылдау және өзге де маңызды міндеттерді орындайды.»

Көптеген әскери қызметші үшін бұл бөлім тек қызмет орны емес, нағыз өмір мектебі. Осында әскери әулеттер қалыптасып, офицерлік жолын алғашқы командирлік лауазымнан бастаған мамандар жылдар өте келе жаңа буын Отан қорғаушыларына тәлімгер ретінде қайта оралады.

Сабыр Мусин, әскери бөлім ардагерлер кеңесінің төрағасы

«Мен де осы әскери бөлімде қызмет атқардым. Еңбек жолымды взвод командирі болып бастадым. Кейін рота командирінің орынбасары, рота командирі, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс қызметінің бастығы қызметтерін атқардым. Белгіленген мерзімімді абыроймен өтеп, зейнетке шықтым.»

59 жыл ішінде 6679 әскери бөлімі тәртіпке, жауапкершілікке және әскери қызметке адалдық қағидаттарын сақтай отырып, үлкен тарихи жолдан өтті. Бүгінде бөлімнің шежіресі әскери антқа адал болып, күн сайын елдің құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген жауынгерлердің еңбегімен жалғасып келеді.

Жанасыл Серікбол