Үй — әр адам үшін тұрғылықты мекен ғана емес, отбасы жылуы мен қауіпсіздік сақталатын орта болуы тиіс. Осы мақсатта облыс көлемінде «Қауіпсіз үй» атты рейдтік шаралар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері, әлеуметтік сала мамандары және қоғамдық ұйым өкілдері бірлесіп, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетіп, қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында жұмыс істеуде.
Мамандар үйлерді аралау кезінде тек профилактикалық әңгіме жүргізумен шектелмейді. Олар отбасындағы ахуал мен балалардың жағдайын бағалайды. Қажет болған жағдайда, туыстарына кеңес беріліп, психологтар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер көмекке тартылады. Мұндағы басты міндет — жазалау емес, қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға уақытылы қолдау көрсету. Өкінішке қарай, жыл басынан бері полицияға отбасылық ұрыс-керіс бойынша 3000-нан астам қоңырау түскен, тұрмыстық жанжалдардың салдарынан өңірде 4 адам қайтыс болды.
Бұл бастамаға Отбасын қолдау орталығының мамандары да қатысты. Рейд қатысушылары бұрын жанжал орын алған бірнеше үйді аралады. Мамандар қауіпті жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз ету және тиімді көмек көрсету үшін әрбір отбасының жағдайына жеке тоқталып, жан-жақты талдау жүргізеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу — бірреттік шара емес, полиция, әлеуметтік сала және қоғамдық ұйымдардың күнделікті атқаратын жүйелі жұмысы. Себебі дер кезінде айтылған ақыл-кеңес, маманның көмегі және отбасыға көрсетілген қамқорлық ең басты құндылық — адам өмірін, шаңырақтың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтап қалуға септігін тигізеді.
Жұлдыз Қабылденова