Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауына байланысты Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау учаскесіне ерекше киіммен келуге қатысты түсініктеме берді. Комиссия өкілдерінің айтуынша, заңнамада мұндай киім үлгісіне тыйым салынбаған.


Бұған дейінгі сайлау науқандарында таңдау жасауға ұлттық киіммен, түрлі образда немесе театрландырылған кейіпте келген азаматтар қоғам мен әлеуметтік желі қолданушыларының назарын жиі аударған болатын. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, заңнамада сайлау учаскесіне ерекше киіммен келуге тыйым салынбаған. Ең бастысы, азаматтың жеке басын анықтауға кедергі келтірмеуі, киімінде сайлауалды үгіт-насихат белгілері болмауы және қоғамдық тәртіп сақталуы қажет.

Гүлнәр Аманжолова, Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

Заңда мұндай киіммен келуге қатысты ешқандай тыйым жоқ. Бұл мәселе заңмен реттелмеген. Егер азамат сайлаушылар тізімінде болса және жеке куәлігін көрсетсе, оған міндетті түрде сайлау бюллетені беріледі. Оның қандай киіммен келгеніне немесе сыртқы келбетіне қарап бюллетень беруден бас тартуға ешкімнің құқығы жоқ.

Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Бұл күні ел бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Павлодар облысында тұрғындар үшін 522 сайлау учаскесі ашылады.


Сабина Жолдаспаева