Ақтоғай ауданына жаңа әкім тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен, аудандық мәслихат депутаттарының келісімі және өңір басшысының өкімімен бұл қызметке Ернұр Әйткенов келді. Өңір басшысы оған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандырып, негізгі көрсеткіштерді жақсарту бағытында бірқатар нақты міндет жүктеді.


Ернұр Нұрмұханұлы 1965 жылы туған. Май ауданының тумасы. Жоғары білімді, мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам еңбек өтілі бар. Әр жылдары Май, Баянауыл, Аққулы және Тереңкөл аудандарын басқарды. Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты қызметін атқарды. Ауданның жаңа басшысын таныстыра отырып, Асайын Байханов Ақтоғай ауданының даму қарқыны оң динамиканы көрсетіп отырғанын, алайда бірқатар бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Бірнеше бағыт бойынша жұмыс әлсізденгені белгілі. Оның бірі инвестиция тарту көлемі. Мен толықтай сізге сенемін, бұл бағытта сіз жұмысты жандандырасыз. Қабілетіңіз жетеді. Бұл жерде отырған активке айтып кететін болсам, өздеріңіз естігендей Ернұр Нұрмұханұлы біздің әкімдердің корпусында ең тәжірибелі әкімдердің бірі. Одан басқа бүгінгі күні міне бесінші ауданның әкімі ретінде келіп отыр. Барлық істеген аудандарда өз ісін, жұмысын абыроймен атқарды. 

Өңір басшысы инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Қазіргі таңда аудан тартылған инвестиция көлемі бойынша облыста 10-орында тұр. Осыған байланысты жаңа әкімге инвесторлармен жұмысты жандандырып, жаңа жобаларды іске асыру және тұрақты жұмыс орындарын ашу тапсырылды. Сонымен қатар, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларды тарту бағытындағы жұмысты күшейту міндеті жүктелді.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі

Заманның ағымы сондай. Қазіргі глобализация немесе урбанизация процесстері тоқтамайды. Өздеріңіз білесіздер ауылдағылар қалаға көшеді, Павлодарға, Екібастұзға, Ақсуға әрі кетсе. Одан әрі біздің Павлодарлықтар Астанаға көшеді. Астанадан басқа жаққа көшеді. Сол секілді урбанизация процесстері жүріп жатыр. Бірақ қолдан келгенше халықтың санын азайтпайтындай жағдай жасауымыз керекпіз. Бар жоғы 11 мыңнан астам ғана халық бар. Бүгінгі күні кішігірім аудандарға айналып бара жатыр Май ауданы, Успен ауданы секілді. Кезінде Ертіс те қала болған, Ертістің де халық саны мәз емес негізінде, 16 мыңнан сәл ғана асады. 

Биыл аудан аумағында бюджет қаражаты есебінен 15 жоба жүзеге асырылуда. Асайын Байханов олардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Негізгі міндеттердің қатарында жыл соңына дейін Ақжол ауылындағы спорт кешенінің құрылысын аяқтау. Сондай-ақ, ауылдардың кіреберіс жолдарын жөндеу, тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, Жаңабет және Жаңатап ауылдарының ішкі көшелерін жөндеу мәселесін пысықтау бар. Бұдан бөлек, жаңа әкімге аудан орталығындағы автовокзал мен қоғамдық моншаны қалпына келтіру, сондай-ақ бассейн салу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Жылу беру маусымына уақтылы дайындалу, су тасқынының алдын алу шараларын іске асыру және Шолақсор ауылына кіреберіс жолдағы көпір құрылысы жобасын 2027 жылдың бюджетіне енгізу де кезек күттірмейтін міндеттердің қатарында аталды. 


Сабина Жолдаспаева