Аяулым Рахымжанова, тілші:

Төрт қабатты тұрғын үйдің тұрғындары су астында қалды. Апат кешкі 19:00-де басталған. Содан бері міне бес жарым сағат өтті. Кесірінен адамдар не далаға шыға алмаған, керісінше өз үйлеріне кіре алмай отырған. Жағымсыз иіс бүкіл пәтерді жайлады. Коммуналдық қызмет енді келіп жұмысқа кірісіп жатыр.

Бұл түнгі сағат 00:00-лер шамасы. Баспаналарын су шайып кете ме деп үрейленген тұрғындар арнайы суды жинайтын техниканы күткен.  

Бекзат Мықтыбек, қала тұрғыны:

Мына су әлі ағып жатыр. Тоқтаған жоқ. Сіздер қалай келдіңіздер, водовоздар енді келді. Оған дейін ешкім келген жоқ. Бірде-бір адам келген жоқ.

Айсұлу Әбдірахманова мұндай мәселеге әдетте жазда тап болатынын айтады. Жауған жаңбыр жертөлеге келіп жиналады екен. Ал, енді қыста орын алған жағдай тіптен қиындыққа соққан. 

Айсұлу Әбдірахманова, қала тұрғыны:

Су тезеден келеді. Әзер кірдік. Күйеуім балаларды бір-бірден көтеріп кіргізді. Сіз келмегенше ешкім не реагирует. КСК әр ай сайын ақша жинайды. Бірақ та осындай жағдайда ешкім жоқ. Коммуналдық қызмет жана ғана келді. 109-ға хабарластым реакция жоқ. Біз вообще ешкімге керек емеспіз. Мына үй бір күні құласа, қорқамыз ұйықтауға.

Су басқан Катаев 55 мекенжайындағы үйдің жертөлесін судан тазалау үшін арнайы техника жұмылдырылды. Коммуналдық қызметпен бірге түнгі уақытта қала әкімі Ержан Имансләм тұрғындармен кездесті.  

Ержан Имансләм, Павлодар қаласының әкімі:

Катаев 11-ге қарай барып, сол жақтан су шығып жатыр. Олар насос бәрн қойып жатыр. Су бәрібір де осы жаққа кетіп жатыр. Қазіргі уақытта біз магистральді құбырды жауып тастаймыз. Кейін қосамыз. Қазір судан тазалайды. - Жалпы тұрғындардың айтуынша, жылда осындай оқиға, жаңбыр жауса да жертөле толып кетеді екен. Енді осы үйді бақылауға аласызба? - Бақылауға аламын. Бақылауға аламыз, әрине.

Кешеден бері  «Павлодар су каналы» ЖШС Катаев көшесі, 16 үй ауданындағы жарылған орталық су құбырын жөңдеп, апатты жойып жатыр. Жұмыстардың жүргізілуіне байланысты Катаев көшесі бойымен Шевченко, Толстой көшелеріне дейін көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Игорь Рыбас, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а.:

Су жолдың бетіне шығып, төмен түсіп, Катаев 55  төрт қабатты үйге қарай кетті. Таңғы 6 - ға дейін суды сору жұмыстары жүргізілді.

Бастапқыда судан 37 үй ажыратылды. Қазіргі уақытта төрт үй сусыз қалып отыр. Сала мамандары ақауды ертең таңға дейін жоятындарын айтып, уәде берді.

 

Аяулым Рахымжанова