Домбыра күні – ұлтымыздың жүрегінен орын алған қастерлі мерекелердің бірі. Осыған орай Павлодар қаласындағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Күмбірле сазды домбыра» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Күй мен жыр, терме мен ән тоғысқан рухани кеш көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Қос ішекке сыйған елдің мұңы мен қуанышы бүгін музей залын кернеп тұрды. Сахна төрінде ұлттық өнердің жауһарлары орындалып, жиналған қауым күй құдіретіне бас иді. Кеш аясында халық әндері орындалып, күй мен арнаулар тарту етілді.
Абзал Рымбек, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі
Жалпы шараның өзінің берілген уақыты болады. Осы уақыт аралығында ұлттық дәстүрімізді насихаттап, күйімізді орындап,әнімізді айтып, арнауымызды тарту етеміз.Оның ішінде бір арнау, екі ән, екі күй деген сияқты нөмірлеріміз бар.Және де өзімізге белгілі ақын, қолөнер шебері Сартай Қайдаровпен батагөй ақынымыз Балтабай Сыздықов ағамызын домбыраның тарихы туралы, жасалуы туралы өтетін жеке. Шеберлік сағаттарын өткізетін болады.және домбыраның тарихы туралы кеңінен ақпарат беретін болады.
Домбыра – көшпенді халықтың қанына сіңген киелі мұра. Тарих тереңінен жеткен бұл аспап – халқымыздың рухани жаны, көнеден жеткен үн. Кеш барысында домбыраның түп-төркіні жайлы тың деректер айтылып, сыр шертілді.
Домбыра – үнсіз сөйлейтін шежіре. Көрмеде осы шежірені сөйлеткен, елге еңбегі сіңген ұлы тұлғалардың домбыралары қойылды. Байғалы Жылқыбаев, Жабай Тоғандықов, Қалкен Кенжетаев, Зекебай Солтанбаев сынды есімдері елге белгілі өнер иелерінің аспаптары жұрт назарына ұсынылды.
Мейрамғали Есмұқанов, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бас қор сақтаушысы
Бүгінгі таңда музей қорында көптеген жәдігерлер бар.Олардың ішінде ұл тұлғалардың қолданған заттары, сондай-ақ, музыкалық аспаптары сонын ішінде домбыра аспабы.Бүгінгі таңда домбыра жинақтарына бірегей домбыралары осы көрмеге қойып отырмыз.Біздің қорда 20 шақты домбыра бар.
Салт-дәстүрдің сарқылмас қайнары – домбыра. Оның үні – елдің үні, оның мұңы – ұлттың мұңы. Қарттар – өткеннің аманатын айтып тебіренсе, жастар – болашаққа көз тігіп, ұлттық өнерге бойлай түсті.
Жүрсін Шәріпова, ардагер ұстаз
Біздің қадірлі ардақты күйшілеріміз бар Құрманғазы атамыз Дина Нұрпиісова,және осы домбыраны нақышына келтіріп әндететін Жамбыл атамыз.Міне солардан қалған күй жастарымызға үлгі.Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын.Домбыра осы күй күмбірлеп, халқымыздың құлағына келе берсін.
Домбыра – ұлттың рухани айнасы. Ол – тарихтың тілі, ұрпақтың үні. «Күмбірле сазды домбыра» кеші ұлттық мұрамыздың қадірін тағы бір еске салып, көрерменге рухани азық сыйлады. Қос ішектен төгілген күй жүректерді тербеп, баба аманатын болашаққа жеткізді.
Дильназ Куанышбекқызы