Облыс әкімі Асайын Байханов зағиптар қоғамының орнына үй салу туралы қауесетті жоққа шығарды. Аумақта коммерциялық нысан салынбайды, бастапқыда айтқандай ол жерде білім беру нысаны салынады деді.
Павлодар қаласындағы зағиптар қоғамының тарихы біраз жылды қамтиды. Соңғы жылдары зағиптар қоғамының жағдайы, шынымен көңіл көншітпеді. Әсіресе аумақтың орнына коммерциялық нысан салынады деген хабар көпті алаңдатты. Бірақ облыс әкімі оны жоққа шығарды.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Зағиптар қоғамының аумағында коммерциялық нысан болмайды, әлбетте ол жерде әлеуметтік нысан бой көтереді. Жер қала әкімдігімен сатып алынды. Оған байланысты детальды жоспарлау жобасы да істелді. Ол жаңа бас жоспарға да енгізілді. Аумақта білім беру нысаны, мектеп болады. Себебі нысан дәл сол аумаққа қажет. Біз үлкен сомаға ол аумақты сатып алдық. Зағиптар қоғамына басқа нысан, автобус ұсындық. Бұл зағиптар қоғамы мен облыстық, қалалық әкімдіктің тікелей келісуі кезінде шешілді. Мен өзім жеке олармен кездестім.
10-15 шілде күнде жоба мемлекеттік сараптамаға ену қажет. Яғни бұрынғы зағиптар қоғамының орнына 1200 орындық жаңа мектеп бой көтеретін болады. Бұл Усолка ауданындағы 25 және 42 мектептердің жүктемесін азайтуға жасалып отыр деді, аймақ басшысы. Жоба құны 8 млрд теңгеден асады.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Біз ол жерде мектеп салмақпыз. Негізгі сұрақ қаржыландыруға байланысты. Әлі нақтыланбады. Достықтағы мектеп құны 8 млрд теңге болса, мына салынатын мектеп те сол 8 млрд теңге шамасында болады. Одан аз емес. Қазір республика оны қаржыландырмаса, «Жайлы мектеп» жобасына өтпесе, жергілікті бюджеттен қаржыландырамыз. Ол кезде жоба 2 жылға жалғасады. Себебі 1 жылда ондай үлкен соманы табу қиын.
Сонымен, облыс әкімі бұрынғы зағиптар қоғамының аумағында білім беру нысаны болатынын кесіп айтты.
Самал Қалиқызы