Облыс орталығындағы Ертіс жағалауында «Жасыл ел» еңбек жасағы тазалық жұмыстарын жүргізді. Еріктілер гүлзарларды шөптен тазартып, қаланың көркіне үлес қосты. 30-ға жуық оқушы мен студент таңғы сағат 8-ден бастап еңбекке кірісті.
Жасыл ел құрамындағы жастар жаз бойы қаланың әртүрлі аумақтарында көгалдандыру жұмыстарына қатысады. Олар орталық жағалаудағы барқытгүл, шырайгүл секілді гүлдердің айналасын арамшөптерден тазартып, гүлзарларға күтім жасады. Бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастырып, еңбекке баулитын тиімді жоба.
Дания Балтабай, «Жасыл ел» еңбек жасағының командирі
Біздің жұмысымыз таңғы 8 ден басталады. Сағат күндізгі 1ге дейін жалғасады. Біздің объектілеріміз өзгеріп отырады. Бүгін біз Ертістің жағалауын жинап жатырмыз. Біздің еріктілеріміз үзіліспен жұмыс жасайды. Себебі, күннің асында жұмыс істеу өте қиын. Сол үшін 10-15 минут үзіліс аламыз. Менің ойымша осындай жұмыс өте маңызды. Себебі, біріншіден қаланың тазалығын сақтаймыз. Және, оқушылар өздерінің жалақысын алады.
Жасыл ел жасағында тәжірибелі еріктілермен қатар, алғаш рет еңбекке араласқан жастар да бар. Олардың бәрі қаланың тазалығы үшін бірлесе жұмыс істейді. Гүлзарлардың көркем қалпын сақтау – олардың бүгінгі басты мақсаты.
Лязиза Кәрімжанова, ерікті
Мен осы жылдан бастап жасыл ел жасағында елімізді таза ұстауға үлес қосамын. Бүгін күні бойы шөптерді жұлып, гүлдерді тазалаймыз. Бүгін осы жерді, ертең басқа жақты тазалаймыз.
Маусымдық жұмыс жастар үшін пайдалы әрі маңызды. Жасыл ел жасағының бұл бастамасы жаз бойы жалғасын табады.
Сабина Жолдаспаева