Заманауи медициналық көмек 20 мың павлодарлық тұрғын үшін қолжетімді болды. Жаңадан ашылған орталықта клиникалық-диагностикалық, санитарлық көмек көрсетіледі.  Облыс әкімі өңірдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін орталықтың жұмысымен танысты. 
 
Орталық бір ауысымда 150 адамды қабылдай алады. Бас дәрігер Қуаныш Нысанбековтың сөзіне қарағанда, медициналық мекеменің ашылуы тұрғындарға үй маңында сапалы әрі жедел қызмет көрсетуге жол ашады.
Қуаныш Нысанбеков, бас дәрігер:
Мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Негізгі мамандар емхананың өзінде отырады. Бұл - осы орталыққа жақын тұратын тұрғындарға жасалып жатқан жағдай. Бұл сәтті халық күтті. Әсіресе үлкен жастағы адамдар қуанышын білдіріп жатыр. 
Күндізгі стационарда терапия мен гинекология профильдері бойынша 12 төсек-орын бар. Бүгінде емханаға 13 мың адам тіркелген. Олардың саны 20 мыңға жетеді деп күтілуде. Орталықты аралаған Әбілқайыр Сқақов медициналық қызмет қолжетімді және сапалы болуы керектігін атап өтті. 
Орталықта 26 білікті маман, оның ішінде 11 дәрігер жұмыс істейді. Ұйым  жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл жерде тұрғындар үйлерінен алысқа бармай-ақ заманауи медициналық көмек ала алады. 
 
Аяулым Рахымжанова