Алып кеніштің тыныс-тіршілігі
Екібастұз көмір бассейнінде орналасқан «Богатырь Көмір» – еліміздегі ашық тәсілмен көмір өндіретін көшбасшы кәсіпорын. Қазір бұл компания өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, озық технологияларды енгізіп, экоқауіпсіздік шараларын жүзеге асыру жолында және жұмысшыларға жайлы жағдай жасауда кешенді жұмыстар атқаруда. Кеніштің тыныс-тіршілігі туралы толығырақ келесі сюжеттен көрейік.
1965–1979 жылдары салынған «Богатырь» қимасы 1985 жылы ерекше рекорд орнатып, бір жылда 56,8 миллион тонна көмір өндірген. Бұл көрсеткіш тіпті Гиннесс рекордтар кітабына енген. Ал қазір кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 42 миллион тонна көмірді құрайды.
Мұнда көмір ашық әдіспен өндіріледі. Бұрын карьер түбіне дейін тікелей теміржол құрамдарын кіргізетін дәстүрлі тәсіл қолданылса, соңғы жылдары кәсіпорын заманауи циклдік-ағындық технологияға түгелдей ауысты.
Александр Титов, «Богатырь» қимасының директоры
Машиналардың бір сағаттық тиеу өнімділігі сағатына 5 мың 500 тоннаны құрайды. Олардың саны – екеу. Яғни, тәуліктік өнімділік – 140 мың тонна. Бұл кешен жылына 150 күн жұмыс істейді, яғни бір жылда шамамен жылына 35–40 миллион тонна көмір өндіріледі. Кешен бірнеше негізгі бөліктен құралады. Көмір қазылып алынғаннан кейін ұсақталып, тиелгенге дейін конвейер арқылы небәрі 20–30 минут ішінде тасымалданады.
Кешен үшінші жыл жұмыс істеуде. Конвейерлердің жалпы ұзындығы – 11 шақырым. Заманауи технологиялар мамандардың жұмыс жағдайын өзгертті. Енді мұндағы жұмысшылар карьердің қауіпті аймақтарында жұмыс істеуге міндетті емес – олар үрдісті қадағалап, оны операторлар бөлмесінен қашықтан басқарады.
Александр Титов, «Богатырь» қимасының директоры
Өнімділік пен бірлік қуат өскенімен, жауапкершілік те арта түсті. Мұнда әрбір маманның біліктілігі жоғары болуы керек. Желідегі немесе әмбебап көтергіш-көліктік машинадағы ең кішкентай бұранданың дұрыс болмауының өзі бүкіл кешеннің немесе оның жартысының тоқтап қалуына әкеп соқтыруы мүмкін. Ал бір сағат бос тұрып қалсақ, 5 мың 500 тонна көмірді жоғалтамыз
Мұнда техниканың ақаусыз жұмыс істеуі де аса маңызды. Арнайы көліктерге сапалы техникалық қызмет көрсетіліп, олар уақытында жөнделіп немесе жаңартылып отырады. Қазір кәсіпорында 150-ге жуық тау-кен көлік техникасы мен 450-ге жуық жылжымалы құрам бар.
Асылбек Нұрғалиев, технологиялық көлік басқармасының директоры
Техника паркі жыл сайын дерлік жаңартылып тұрады. Қазір кәсіпорында Хитачи, Катапиллер, Атлас тәрізді әлемдік жетекші өндірушілердің озық жабдықтары қолданылуда. Конвейерлік-ағынды технология жабдықтары, тау-кен көлік жабдықтары ерекшеліктерімізге сай жасалған, карьерлік техниканың бәрі арнайы таңдалып алынады.
«Богатырь Көмір» ЖШС бас директероның айтуынша, кәсіпорынның басты құндылығы – мұнда қызмет ететін адамдар. Сондықтан олар үшін жұмыста жайлы жағдай жасалып қана қоймай, олардың демалысы мен спортпен шұғылдануына да көңіл бөлінеді.
Евгений Мастернак, «Богатырь көмір» ЖШС бас директоры
Бізде ауқымды әлеуметтік бағдарлама жұмыс істейді: лайықты жалақыдан бөлек, қызметшілердің әлеуметтік әл-ауқатына да баса назар аударылады. Мысалы, біздегі жастар қозғалысы Екібастұз қаласындағы ең үлкен әрі белсенді қауымдастықтардың бірі болып саналады. Сонымен қатар, кәсіпорынның меншікті асханалары, демалыс үйі, Жасыбай көлі жағасында балаларға арналған «Қарлығаш» пен ересектерге арналған «Березка» лагерьлері, заманауи спорт және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, сондай-ақ жеке оқу комбинаты бар. Біздің талаптар өте қарапайым. Жұмысқа сергек, күш-қуатқа толы болып келдіңіздер, ауысымдық тапсырманы алып, киім ауыстырасыздар, жұмыс орнына барып міндеттеріңізді атқарасыздар да, жұмыс біткен соң тез арада үйлеріңізге қайтасыздар. Мұнда ешқандай артық ерлік жасап, жұмыс уақытынан тыс қалудың қажеті жоқ.
Дегенмен, ірі көлемдегі тау-кен өндірісі қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын қажет етеді. Өкінішке қарай, биыл кәсіпорында өліммен аяқталған 1 жазатайым оқиға және 3 жеңіл жарақат алу дерегі тіркелген.
Евгений Мастернак, «Богатырь көмір» ЖШС бас директоры
Алдымен, біз тәртіп бұзғандарға қатаң шара қолданамыз, себебі бұл – қауіпті өндіріс саласы болғандықтан, мұнда қатаң тәртіптің орнауы тиіс. Біз ереже бұзған әрбір қызметшіні жазалаймыз, ал қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, үлгі көрсетіп жүргендерді керісінше ынталандырып, марапаттаймыз. Қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жағдайда, бірінші ретте ескерту жасалады, екінші рет қайталалса тағы да ескерту беріледі, ал үшінші ретте жұмыстан шығарылады. Біз сіңірген еңбегі ұшан-теңіз қызметшілердің өзін бұл ретте жұмыстан босатуға келіскенбіз, өйткені олардың әріптестеріне теріс үлгі көрсетпеуі керек.
Компания жұмысының тағы бір басым бағыты – экология мен қоршаған ортаны қорғау. Атап айтқанда, көмір тозаңының ауаға таралуын шектеу үшін карьер ішіндегі жолдар, өндірістік трассалар және көмірді ауыстырып тиеу алаңдарына су шашылып тұрады. Мұнда атмосфера мен су көздерінің жағдайы да тұрақты түрде бақылауға алынып, табиғи ресурстарды сақтауға айрықша назар аударылады. Бұдан бөлек, кәсіпорын ұжымы қиманың санитариялық-қорғаныш аймақтарын және Екібастұз қаласының аумағын көгалдандыруға әрқашан атсалысады. Тіпті, кеншілер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын да қолдап, белсенділік танытып жүр.
Жұлдыз Қабылденова